Мәзір
19 маусым 2023
15 мин
639
Жариялаған: Оразай Қыдырбаев

Министр баяндамасына фактчек: министрге мұндай статистиканы кім берді?

Министр баяндамасына фактчек: министрге мұндай статистиканы кім берді?

13 маусым күні Үкімет отырысы өткен болатын. Осы отырыста ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев еліміздегі АӨК-тің (аграрлық-өнеркәсіптік кешен) жағдайы туралы баяндама жасады. Баяндамада айтылған деректерді сол күні еліміздегі көптеген медиа жариялап жатты. World of NAN порталы министр мырзаның баяндамасындағы фактілерді ашық дереккөздегі мәліметтерге сүйене отырып тексерді.

Үкімет отырысында министр келтірген деректер:

Қазіргі уақытта республиканың АӨК жалпы өнімінің шамамен 40%-ы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі. Талдау нәтижелері саланың тұрақты қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетіп отыр. Малдың барлық түрі тұрақты өсуде. 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны 4,2%-ға, қой 4,8%-ға, жылқы 10,5%-ға, түйе 6,5%-ға, құс саны 4%-ға өсті.

Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері де өсуде. Атап айтқанда, сауылған сүт мөлшері 4,7%-ға, сондай-ақ сойылған қой салмағы 8,6%-ға, ірі қараның салмағы 1%-ға, тауықтардың жұмыртқа әкелу көрсеткіші 17,2%-ға өсті. Жалпы 2022 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9%-ға, ал осы жылдың 5 айында 3,6%-ға ұлғайды.

Министр Қарашөкеевтің Үкімет отырысындағы презентациясынан үзінді.

Ең алдымен, жоғарыдағы мәтінде министр мырза ауыл шаруашылығындағы көрсеткіштердің пайыздық өзгеруін атап өткенімен, қай уақытпен салыстырғанда өзгергенін бүкіл жағдайда толық ашып айтпаған. Мысалы, ет экспорты туралы сөз қозғаған сәтте, 2022 жылдың көрсеткішін үш жыл бұрынғы – пандемия басталмай тұрған кезеңнің (2019 жыл) көрсеткішімен салыстырады (министрдің айтуынша, осы жылдар аралығында ет экспорты 2,9 есе өскен). Ал мал шаруалығының жалпы өндіріс көлемін үш жыл емес, бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырған. Ал 2022 жылы мал басы қай жылмен салыстырғанда бірнеше пайызға артқанын айтпайды. Бұл министр ұсынған деректерді тексеру процесін қиындатады.

1.       Республиканың АӨК жалпы өнімінің шамамен 40%-ы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі

Үкім: Шындық

Ұлттық Статистика бюросының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы жайлы соңғы мәлімет (2022 жылдың қаңтар-қараша айлары) бойынша, мал шаруашылығы өнімдерінің үлесі – 36,76% немесе 3,2 трлн теңге. Яғни министр мәлімдемесін шындық деуге негіз бар.

2022 жылдың қаңтар-қараша айларындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы. Дереккөз: stat.gov.kz

 

2.       Малдың барлық түрі тұрақты өсуде. 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны 4,2%-ға, қой 4,8%-ға, жылқы 10,5%-ға, түйе 6,5%-ға, құс саны 4%-ға өсті.

Үкім: Жартылай шындық

 

2021 және 2022 жылдардағы мал санының өзгеру көрсеткіштері. Дереккөз: stat.gov.kz

Бұл тұста министр мырзаның 2022 жылдың көрсеткішін немен салыстырғаны түсініксіз. Сондықтан бұл деректің рас-өтірігін анықтау мүмкін емес. Дегенмен мына кестеге назар аударсақ, 2021 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, малдың пайыздық мөлшері министр айтқан деңгейде артпағанын байқаймыз. Сондай-ақ ірі қара мал, қой, жылқы, түйе мен құстың саны артқанымен, ешкі (-0,8%) мен шошқа (-9%) саны азайғаны байқалады. Статистика бюросы қой мен ешкі санын бөлек көрсеткенімен, көп жерде бұл түлік түрлерінің санын біріктіріп айта береді. Ал екеуінің санын біріктіргенде, расымен де кейінгі жылы артқаны байқалады. Дегенмен шошқа саны кейінгі жылда тоғыз пайызға кеміген. Яғни, малдың барлық түрінің саны министр мырза айтқандай тұрақты түрде өсіп жатқан жоқ. 

3.            Сауылған сүт мөлшері 4,7%-ға өсіп, бір сиыр орташа есеппен 3293 кг сүт берді

Үкім: Жартылай шындық

Бір сауылатын сиырға келетін орташа сүт сауымы, 2021-2022 жылдар. Дереккөз: stat.gov.kz

Өткен жылы бір сауылатын сиырға келетін орташа сүт сауымы 2395 кг болған, бұл министрдің презентациясында көрсетілген 3293 кг мөлшерінен едәуір төмен. Ал бір жыл бұрын – 2021 жылы барлық санаттағы сауылатын бір сиыр орташа есеппен 2380 кг сүт берген. Бір сиырдан сауылатын сүттің мөлшері артқаны рас, бірақ бұл мөлшер министр айтқандай 4,7% емес (бар болғаны 0,6%). Шамасы, министр Қарашөкеев ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы сауылатын сиырлардың көбірек сүт бергенін айтқан болса керек. Расында да кәсіпорындағы бір сиырдан орта есеппен 5128 кг сүт сауылған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,5%-ға артық. Бірақ оның өзі министр баяндамасындағы 4,7 пайызбен сәйкес келмейді.

Министр мырза "3293 кг" деген көрсеткішті қайдан шығаруы мүмкін? Бізде екі тұжырым бар:

  1. Техникалық қате кетіп, цифрлардың орны ауысқан. Сөйтіп "2393" орнына "3293" жазылған болуы мүмкін.
  2. Кәсіпорындар, дара және жұртшылық шаруашылықтардың әрбіріндегі бір бас сиырдан сауылатын сүттің орташа көлемін қосып, үшке бөле салған. Мұндай жағдайда, (5128+1860+2459)/3 = 3149 кг. Мұның өзі баяндамадағы 3293 килограммен сәйкес келмейді. Оның үстіне, үш түрлі шаруашылықтағы сиырлардың саны тең мөлшерде болмағандықтан, бұлай есептеген кезде шынайы картина ортаға шықпайды.

2022 жылы ауыл шаруашылық кәсіпорындарындағы бір сиыр жеке шаруа қожалықтарындағы бір сиырдан 2,7 есе мол сүт берген. Мұны кәсіпорындарда асыл тұқымды сиырлардың саны көп екендігімен және кәсіпорындардың сүт өндірісіне бағытталуымен түсіндіруге болады.

4.       Cойылған қой салмағы 8,6%-ға, ірі қараның салмағы 1%-ға артты

Үкім: үкімі жоқ

Қарашөкеевтің бұл сөзін ашық дереккөздегі ақпаратпен растау да, терістеу де мүмкін болмады.

Ұлттық статитистика бюросы жариялаған ақпаратта сойылған әрбір қой мен ірі қара малдың орташа салмағы бөлек-бөлек көрсетілмей, сойылған мал мен құстың жалпы салмағы (сойыс салмағы) берілген. Бұл  дерек бойынша, 2021 жылы 1 330 955 тонна ет алынған, ал 2022 жылы көрсеткіш 1,2 пайызға ұлғайып,  1 млн 245 мың 318,5 тоннаға жеткен. Бірақ бұл – бүкіл сойылған малдың жалпы сойыс салмағы екенін ескеруіміз керек. Мәселен сойылған мал саны артып, малдың жеке салмағы артпаған (яғни сапа артпаған) болуы да ықтимал.

5. Тауықтардың жұмыртқа әкелу көрсеткіші 17,2%-ға өсті.

Үкім: Жалғанға жақын

 

Бір жұмыртқалайтын тауыққа келетін орташа жұмыртқа шығымы, 2021-2022 жылдар. Дереккөз: stat.gov.kz

Министр бұл сөзді ауыл шаруашылығының сапалық көрсеткіштері де артқанын түсіндірген сәтте айтты. Осыған қарап, бір тауықтың жұмыртқа әкелу көрсеткіші 17,2 пайызға өсті деп айтқанын пайымдауға болады. Бірақ жоғарыдағы кестеге назар аударсақ, тауықтардың жұмыртқа беру көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда еш артпаған. Ал жұмыртқаның басым бөлігін өндіретін шаруашылық кәсіпорындарда көрсеткіш 2,2% төмендей түсіпті. Яғни министрдің бұл сөзін жалғанға жақын деп айтуға болады.

Дегенмен қайталап айтамыз, Қарашөкеев 2022 жылы қай көрсеткішпен салыстырғанда 17,2 пайызға өскенін айтпаған. Мысалы, 1991 жылмен немесе 1771 жылмен салыстырғанда осынша пайызға артқан болуы да мүмкін. Сондықтан оның сөзін түбегейлі жалғанға шығара алмаймыз. Дегенмен деректерді толық ашып көрсетпегендіктен, сандармен манипуляция жасады деп айтуға болады.

 

Қазақстанда 2021 және 2022 жылдары алынған жұмыртқалар саны. Дереккөз: stat.gov.kz

6.            2022 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9%-ға, ал осы жылдың 5 айында 3,6%-ға ұлғайды

Үкім: Үкімі жоқ

Ашық дереккөздерден мұны растайтын да, жоққа шығаратын да дерек табу мүмкін болмады.  

World of NAN Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, баяндамадағы деректерге қатысты түсіндірме алуға тырысты. Баспасөз қызметі мал шаруашылығы басқармасына хабарласуымызды сұрады, бірақ ол басқармамен байланысқа шығу мүмкін болмады. Бізге жоғарыдағы статистика қайдан алынғаны және қалай есептелгені шынымен де қызық.

Ауыл шаруашылығы министрі цифрды бұрмалап, шындықты жасырды деп айтқымыз келмейді. Дегенмен көрсеткіштер қай уақыт аралығында өзгергенін түсіндірмегендіктен,  манипуляция жасағандай әсер қалдырады. Министр мырза бұл баяндаманы өзі дайындамаған болуы да мүмкін (ірі лауазымдағы саясаткерлердің мұндай баяндамалар жазып отыруға уақыты бола бермейді ғой). Ондай жағдайда, қарамағындағы қызметкерлердің кәсібилігіне күмән бар.

Обсуждение

0 моментарии