Мәзір
05 маусым 2023
15 мин
701
Жариялаған: Серікхан Айдарханұлы - жасыл технологиялар саласының сарапшысы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD кандидаты.

Метан шығарындысын азайтатын технологияларды пайдаланып, климат өзгеруін тоқтатуға үлес қосыңыз

Метан шығарындысын азайтатын технологияларды пайдаланып, климат өзгеруін тоқтатуға үлес қосыңыз

Қазіргі уақытта метан шығарындыларының басым бөлігі ауыл шаруашылығына тиесілі. Оның ішінде мал шаруашылығынан бөлінетін метан шығарындылары жануарлардың асқазан-ішек жолдары арқылы шығарылады. Бұл мақалада ауыл шаруашылығында бөлінетін метан газы мөлшерін есептеудегі мәселелерге тоқталып, метан шығарындыларын азайтудың әдістері ұсынылады.

Күйіс қайыратын жануарлардан шығатын метанның мөлшері, ең алдымен, жануарлардың санына, олардың ас қорыту жүйесінің ерекшелігіне және жейтін азығының түріне қарай анықталады. Бірақ метан шығарындыларын анықтау мен нақты мөлшерлерін есептеу бірқатар қиындық тудырады. Себебі метанды нақты өлшеуге мүмкіндік беретін технологиялар әлі де дамып келеді. Мысалы, метан шығарындыларын азайту жүйелерін дамыта бастаған энергетикалық компаниялар жан-жақты есептеулер жүргізгенге дейін бірнеше жыл өтуі мүмкін. Олардың көпшілігі метан шығарындыларының бір ғана саласын зерттейді. Метан шығарындыларын бір жүйеге келтіретін спутниктердің қолжетімділігі жеткілікті емес. Сонымен қатар, оларды анықтайтын жердегі хабаршылар (датчиктер) мен дрондарды  көбейту мол қаражат пен уақытты қажет етеді. Сондай-ақ, метанды өлшеу үшін қандай жабдық қолайлы болатыны және оны қалай пайдалану керектігі туралы кез келген келісім үкіметтің, қоршаған ортаны қорғау ғалымдарының және өнеркәсіп өкілдерінің қатысуымен мақұлданатын ұзақ мерзімді процесті қажет етеді.

Ауыл шаруашылығында метан шығарындыларын жануар азығына түрлі қоспалар қосу арқылы азайтуға болады. Осы мәселе бойынша дүние жүзінде көптеген зерттеу мен тәжірибелер жүргізіліп жатыр. Мысалы, жануарға нитрат беру арқылы, сондай-ақ, сауын сиырларды тағамдық қоспалармен азықтандыру арқылы метан шығарындыларын азайтуға болады. Бұл қоспалар күйіс қайыратын жануарлардағы метаногендерді тежейді. Қоспалардың түрі мынадай болуы мүмкін:

  • синтетикалық химиялық заттар;
  • таниндер мен теңіз балдырлары сияқты табиғи қоспалар;
  • химиялық қосылыстары бар майлар.

Мал шаруашылығын және көңді пайдалануды дұрыс басқара біліп, төмендегі әдістерді қолдансақ, метан шығарындыларын азайтуға болады:

  • ауыспалы жайылымды қолдану;
  • асқазан-ішек ашыту кезінде метанның бөлінуін азайтатын жоғары сапалы азықтарды қамтамасыз ету;
  • көңді тыңайтқыш ретінде пайдалану;
  • өсімдік қалдықтарын топыраққа қайтару.

Дүние жүзінде ғана емес, елімізде де ет өнімдеріне сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Осыған орай мал шаруашылығын дамытуға, оның қалдықтарын өңдеуге мемлекет көптеген бағдарлама құрастырды. Оның бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Даму қорының міндеті – шағын және орта кәсіпкерлікті сапалы дамытуға жан-жақты қолдау көрсету.                             

Қаржылық қолдау түрлері:

  • аймақтар мен жекелеген салаларға арналған бағдарламалар аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен несиелендіру; 
  • субсидиялау – банктердің бизнесті дамытуға бөлетін несиелерінің сыйақы мөлшерлемесін азайту;
  • кепілдендіру – банктер алдындағы кепілзаты жетпеген жағдайда жартылай кепілдеме беру.

"Даму" Қорының Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетуде 20-жылдық тәжірибесі бар.  Осы уақытқа дейін көптеген кәсіпкер осы қор арқылы өз кәсібін дөңгелетіп келеді. Қазіргі уақытта кәсіпкерлерді 20.000.000 теңгеге дейін қаржыландыру процесі басталып кетті. Бұл жобаның ерекшелігі – кепіл қою міндетті емес. Қаржыландыруды алу үшін  «Даму» орталығына барып, толығымен кеңес аласыз. Ол жерде қаржыландыруды алатын көптеген бағдарламалар бар. Өзіңіздің мақсатыңызға байланысты таңдап, сол арқылы құжаттарды жинауға кірісесіз. Мақұлдау берілген жағдайда, қаржыландыруды «Даму» Қоры бермейді, қаржыны банк арқылы аласыз. Қаржыландыру түскеннен кейін  «Даму» Қоры 85% кепіл береді, бұл алынған қаржы көлемін жабуға үлкен көмек болып табылады. Сонымен қатар, елімізде мемлекет тарапынан қаржыландыру бағдарламалары жетерлік, тек талаптарына сай қажетті міндеттемелерін орындауыңыз қажет.

Мал шаруашылығынан бөлінетін көң органикалық қалдықтарын өңдеуде калифорниялық жауын құрттары технологиясы етек жайып келеді. Бұл технология көңді өңдеп, оны бағалы тыңайтқышқа айландырады. Бұл көңді өңдеп қана қоймай, метан шығарындыларын азайтуға алып келетін бірден-бір технология. Алынған тыңайтқыш биогумус деп аталады. Оның жер тыңайтуда, жылыжай орындарында және гүл өсіруде химиялық тыңайтқыштардың орнын алмастыратыруда орны ерекше.

Метан шығарындыларын төмендетуде Қара сарбаз (Черная львинка) дернәсілдерінің алатын орны ерекше. Бұрын соңды естімеген болсаңыз, бұл дернәсілдер Оңтүстік Америка, Малазия, Индонезия және Қытай сияқты климаты ыстық, ылғалдылығы  жоғары мемлекеттерде жақсы дамыған және 99% қалдықсыз технология ретінде танылған. Ал елімізде оны тек жасанды климатта өсіруге болады. Бұл дернәсілдер кез-келген көлемдегі органикалық қалдықты қысқа уақыт аралығында өңдеумен ерекшеленеді және өңделген қалдықтар зоогумус тыңайтқышы деп алатады.  

Жоғарыда аталған технологияларды қолдану және күйіс қайыратын жануарлардың асқазан-ішек жолдары арқылы шығарылатын метан шығарындыларын төмендететін азық қоспаларын зерттеуге елімізде мамандар жеткіліксіз. Ауыл шаруашылығымен, оның ішінде, мал шаруашылығымен айналысатын әр жеке шаруа қожалықта қалдықтарды өңдеп, оны кәдеге жарататын жабық циклді шағын өңдеу өндірісі болса, алдағы уақытта парник газдарын, оның ішінде метан шығарындыларын азайтуға күмән болмас еді.

Бұл мақала Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауы және демеуімен «Bilim Barine» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Methane as Sustainable Gas in Kazakhstan» жобасы аясында жазылған.

«Bilim Barine» қоғамдық қоры – Маңғыстау облысындағы Ақтау қаласында орналасқан үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйым. Мақсаты – әділетті білім беру арқылы Қазақстандықтардың мүмкіндіктерін кеңейту.

Электронды пошта: info@bilimbarine.kz

Сайт: www.bilimbarine.kz

Instagram: @bilimbarine

Обсуждение

0 моментарии