Мәзір
06 ақпан 2023
10 мин
743
Жариялаған:

Климаттың жылынуын тоқтатуға бізде әлі де мүмкіндік бар

Климаттың жылынуын тоқтатуға бізде әлі де мүмкіндік бар

Жаhандық жылыну қазіргі таңдағы адамзат баласының ең өзекті мәселелерінің бірі екені мәлім. Ғалымдардың зерттеулері бойынша жердің орташа температурасы жылдан-жылға көтеріліп келеді. Жердің орташа температурасының жоғарылауынан бұрын-соңды болмаған климаттық апаттардың болуы және олар алдағы уақытта қайталанып, зардаптары орасан шығынға ұшыратуы әбден ықтимал. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының баяндамаларында парниктік газдардың, оның ішінде метан газының ауаға таралуы жылдан-жылға артып, соңғы жылдары оның көрсеткіштері осыған дейін болмаған деңгейге жеткені туралы баяндалған. Егер де, дәл қазіргідей қарқынмен қоршаған ортаға парниктік газдардың мөлшерлері шығарыла беретін болса, келешек ұрпағымызға балта шапқанмен бірдей екеніне күмән жоқ.

Адамзат баласы ежелден табиғат ресурстарын пайдаланып келеді. Бірақ, оның қарқыны өткен ғасырдан бастап жеделдеді. Ол, әрине, өз кезегінде табиғи ресурстардың сарқылуына алып келіп, қоршаған ортаның, атмосфераның жай-күйіне теріс әсерін тигізді.

Адам дүниеге келгеннен бастап, өмірінің соңына дейін ресурстарды пайдаланып, қалдықтарды шығарады. Мысалы, Солтүстік Америка аймағының үш елінде – Бермуд, Канада және Америка Құрама Штаттарында жан басына шаққанда тәулігіне   2,21 килограмм шығарады екен. Бұл қалдықтардың ең жоғарғы мөлшерін көрсетеді. Барлық үш ел де табысы жоғары елдер болып табылады. Ал, Сахараның оңтүстігіндегі Африкада күніне орта есеппен 0,46 килограмм болса,  Оңтүстік Азияда күніне 0,52 килограмм, Шығыс Азия мен Тынық мұхиты аймағында күніне 0,56 килограммнан келеді екен. Сондай-ақ, дүние жүзіндегі қатты қалдықтардың жалпы түзілуі шамамен 2,01 миллиард тоннаны құрайды [1].

Жалпы алғанда, әр өңірде шығарылатын қалдықтардың жалпы салмағына, сол аумақта тұратын халық санына шағумен анықтайды. Сол секілді,  жеке адамның көміртегі ізі деген болады. Әр адамның өзінің іс-әрекеті нәтижесінде атмосфераға шығарылатын парниктік газдардың белгілі бір мөлшері болады. Бұл әр адам қызметінен тікелей немесе жанама түрде туындаған парниктік газдар шығарындыларының жалпы көлемі, соның ішінде адам сатып алатын, пайдаланатын және тұтынатын кез келген нәрсе.

Парниктік газдар шығарындыларын азайтудың ең оңай жолы –  заттарды қажетті мөлшерде ғана  сатып алу. Сондай-ақ, бензинді және дизельді автокөліктерді аз жүргізу немесе қайта пайдалануға болатын азық-түлік сөмкесін пайдалану сияқты парниктік газдардың шығарылуын азайтуға әр адам үлес қоса алады. Дүние жүзінде адам санының өсуі азық-түлік қажеттілігі сұранысын арттыруда. Осыған орай, тұтынудың артуы бүкіл әлем бойынша өнімді өндіру және жеткізу үшін көп қазба отындарын жағуға әкеледі.

Жыл сайын шамамен 12 миллион гектар орман жойылады. Ормандарды кесу, ауыл шаруашылығы және жерді пайдаланудың басқа түрлері әлемдегі парниктік газдар шығарындыларының деңгейін арттыруда [2]. Бұл жағынан ағаштарды жалғыз немесе ұжым болып отырғызу арқылы бәріміз бұл үрдісті тоқтатып, кері қайтара аламыз.

Жыл сайын атмосфераға шамамен 51 миллиард тонна парниктік газдар шығарылады. Бұл көрсеткіш әрдайым өзгеріп отырады, бірақ парниктік газдардың шығарылуы жыл сайын орта есеппен жоғарылап отыр. Ал, 2050 жылға қарай әлемде өмір сүру деңгейі жоғарылаған сайын энергияға деген қажеттілік күрт артады деп күтілуде. Егер де, қазірден бастап оны қолға алмасақ, шығарындылар көлемі артатыны анық. Сонымен қатар, 2100 жылға қарай әлем халқы 10 миллиард адамға жетеді деп күтілуде. Осыншама халықтың тұрмысына қажетті қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін ресурстар да жеткілікті болу қажет. Әр адам таза, сенімді және қол жетімді энергияға қол жеткізе алатын әлем құруымыз керек [3].

Әр адам, жер шарымыздағы климаттың өзгеруі процесін төмендетуге ат салысуы қажет.  Ол үшін, адамдар  экологиялық транспортқа, энергияны үнемдейтін шамдарды пайдалануға, тұрмыстық заттарды оңтайлы пайдалануға және қайта өңдеуге әрекет жасауы керек. Егер біз жаһандық жылынуды тоқтатып, климаттың өзгеруінің қорқынышты салдарын алдын алу үшін, атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын бөлінуін тоқтатуымыз керек. Оны қолға алуға әр жеке адам өз үлесін қоса алатыны анық. Оны келесідей іс-әрекеттермен сипаттауға болады:

  • қазба отындарын пайдалануды азайту және жаңартылатын энергия көздеріне көшу;
  • энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу технологияларын жаңғырту;
  • орман басқаруын  қадағалау және орман өрттерін бақылау;
  • экологиялық таза ауыл шаруашылығына көшу;
  • жер жамылғысын қалпына келтіру, өйткені топырақ бетіндегі қара шіріктің жоғалуы парниктік әсерге тікелей әсер етеді;
  • жеке көліктен бас тартып, велосипедтерге, қоғамдық көліктерге және электромобильдерге ауысу;
  • ағаштарды көптеп егу;

Билл Гейтстің айтуы бойынша, атмосфераға шығарылатын парниктік газдардың 50% төмендеуі температураның көтерілуін тоқтатпайды, тек оны баяулатады. Егер, бұл шығарындылар 99% қысқарған кезде, экономика салалары қандай жағдайда болатыны белгісіз болып отыр. 2050 жылға қарай парниктік газдарды жою бағытана арналған технологиялар, саясат және нарықтық құрылымдар бойынша қарқынды жұмыс кезеңі болуы керек деп санайды. Алайда, бұл мәселелерді шешуде алғашқы жетістіктер байқалды. Шығарындыларды ең төменгі мөлшерге дейін төмендетудің әртүрлі тәсілдері және оларды іске асыру әдістері егжей-тегжейлі қарастырылып жатыр. Егер қоғам мен саяси билік  бұған барлық жауапкершілікпен қарайтын болса, бізде апаттан құтылу мүмкіндігі болады.

 

Серікхан Айдарханұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD кандидаты, жасыл технологиялар саласының сарапшысы.

  1. Silpa Kaza, Lisa Yao, Perinaz Bhada-Tata, and Frank Van Woerden - What a Waste 2.0 A Global Snapshot of Solid Waste Management to 2050.  International Bank for Reconstruction and Development / The World Bank 2018. Р 20.
  2. UN Environment Programme (UNEP), Food and Agriculture Organization of the United Nations (FAO) - The State of the World’s Forests: Forests, Biodiversity and People. 22 MAY 2020.
  3. https://breakthroughenergy.org/our-approach/getting-to-zero/#:~:text=Every%20year%2C%20the%20world%20emits,act%20now%20to%20do%20it.

 

 

Бұл мақала Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауы және демеуімен “Bilim Barine” қоғамдық қорымен жүзеге асырылып жатқан «Methane as Sustainable Gas in Kazakhstan» жоба аясында жазылған.

 

“Bilim Barine” қоғамдық қоры – Ақтау қаласында орналасқан үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйым. Біздің мақсатымыз – әділетті және инклюзивті білім беру арқылы Қазақстандықтардың мүмкіндіктерін кеңейту және іске жұмылдыру.

 

 

Обсуждение

0 моментарии