Аграрлық ғылымды дамытуға арналған үкімет сағатында Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов отандық ғылыми зерттеулер өндіріске енгізілмей жатқанын айтты. Оның түсіндіруінше, осының кесірінен фермерлер өзіне қажет өнімдерді шетелден сатып алып жүр, деп хабарлайды World of NAN.
«Ғылыми жаңалықтарды енгізу жағынан әлемдік көштен қалып келе жатқан сияқтымыз. Бізде үш арнайы аграрлық университет, 34 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтары, тәжірибелік станциялар бар. Онда 2,5 мыңдай ғалым жұмыс істеп жатыр. Бірақ осының бәрі көп пайда береді деп айту қиын. Шаруаларға керектің көбісін шетелден аламыз. Бидай тұқымын, минералды тыңайтқыштарды, техниканы сырттан тасып жатырмыз. Жердің құнарын жақсартатын ғылыми негіздерді де енгізе алмай жүрміз», — деді Ж. Асанов.
Ол тек өсімдік шаруашылығы емес, мал шаруашылығы да осындай мәселеге тап болып отырғанын атап өтті.
«Сонда „біздің аграрлық ғылым немен айналысып жатыр?“ деген орынды сұрақ туады. Кейінгі 20 жылда бір бітпей жатқан реформалар. 9 жыл бұрын барлық ғылыми институт пен оқу орындарын біріктіретін Ұлттық аграрлық ғылыми орталық құрылды. Бірақ, басшылар шақ келмеді. Зерттеу институттары тек көшумен жүр. Бұл — реформа емес, тек имитация. Әрине, аграрлық ғылым құлдырау үстіндеп деп айтудан аулақпыз. Ізденіп жаңалық ашып жатқан ғалымдар баршылық. Бірақ сол ғылыми жетістіктер тек қағаз жүзінде қалып, өндіріске енгізілмей жатыр. Кейбір техника мен технологияны басқа елден алып келуге қарсы емеспіз. Мүмкін ол тиімді де шығар. Алайда жердің құнарлығын көтеру, себетін тұқым мен органикалық тыңайтқыштарды өндіру, өз жағдайымызға бейімделген шаруашылықты дамыту, оның өнімділігін көбейту, әлемге ұлттық өнімдерді шығару — ол тек өзіміздің міндетіміз. Яғни біздің ғылымның міндеті. Неге осы күрделі мәселелерді шеше алмай келеміз?», – деді сенатор.
Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, енді аграрлық бағыттағы зерттеу жобаларына бөлек грант беріледі. Яғни осы жылдан бастап аграрлық ғылыми зерттеу институттарына және аграрлық ғылыммен айналысқан жекеменшік компанияларға және университеттерге бөлек қаржыландыру бағыты ашылатын болады. Сонымен қатар, зерттеу бағыттары «мегагранттар» арқылы қаржыландырылады. Биыл құны 4 млрд теңгелік осындай гранттардың бірін С.Сейфулин атындағы агротехникалық университеті ұтып алыпты.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение