Мәзір

Әкімдік берген жерді сот қайтарып алып жатыр

13.12.2023
Әкімдік берген жерді сот қайтарып алып жатыр

Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында әкімдіктер фермерлерге бөліп берген жер телімдерін сот мемлекет меншігіне қайтарып алып жатыр. Себеп: жер аукционсыз берілген. Ақмола облысындағы 12 шаруашылық осындай жағдайға тап болды. Бұл туралы World of NAN порталы 24kz арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Қабанбай ауданындағы бір шаруашылық 2020 жылы кәсіпкерлікті қолдаудың жол картасы аясында алған 1200 гектар жайылым жер соттың шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал бұл жер телімі шаруашылық келесі жылы субсидия алуы үшін компанияның активтер тізіміне қосылып қойған.

Жер учаскесін қайтарып алу жақсы жұмыс істеп тұрған агробизнеске ғана емес, әлеуметтік тұрақтылыққа да зиянын тигізуі мүмкін. Өйткені 200-ден астам адамның жұмыссыз қалуы ықтимал. Шаруа қожалығының өкілі Әсел Мержақып Кәсіпкерлікті қолдау картасы қандай мақсатта жасалды деген сауал қояды.

Фермер Мәди Есқараев та осыдан үш жыл бұрын Ақкөл ауданындағы әкімдік берген 400 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруға тиіс. Оған аумақтарды дамыту жоспарын Ақмола облысының әкімдігімен келісуі керек болғаны айтылған. Бірақ фермер бұл ереженің 2022 жылы бекітілгенін айтады. Ол «2020 жылғы жер беру туралы шешім қалайша 2022 жылғы ережеге қатысты болуы мүмкін?» - деп сұрақ қояды.

Павлодар облысындағы фермерлер де соттың шешіміне ескіру мерзімі әсер етпегенін айтты. Мемлекетке қайтарылған учаскелердің мақсатқа сай пайдаланылып жатқаны да ескерілмеген.

Шаруа қожалығының өкілі Сәния Тасболатованың айтуынша, сот та, прокуратура да, жер ресурстары басқармасы да жердің үш жыл бұрын берілгеніне көз жұма қарайды. Осылайша, бір де бір фермер тіпті 20 жыл, 10 жыл бұрын өзіне берілген жердің тартып алынбайтынына кепілдік бере алмайды.

Мемлекеттің жерді қайтарып алуына байланысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 30-дан астам қазақстандық фермер өтініш білдіріпті. Белгілі болғандай, кәсіпкерлер жер инспекторлары жүргізген тексерулерден де бейхабар болып шыққан. Сот шешімін де жерді қайтарып алған соң бір-ақ естіген.

«Атамекен» ҰКП департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжанның айтуынша, соттың талаптары кәсіпкерлерге емес, жерді берген әкімдіктерге қойылады. Яғни сот әкімдікті тексеріп, әкімдікті сотқа береді. Фермер өзін қорғай алмайды, ол үшінші тұлға ретінде қатысады. Сонымен бірге, әкімдіктер сот талабына қарсы шыға бермейді, өйткені жерді беру туралы шешімдерді негізінен бұрынғы әкімдер қабылдаған.

Қазақстанда пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару науқан жалғасып жатыр. 10 миллион гектарға жуық жайылым мен егістік жерлері мемлекет меншігіне қайтарылған.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии