Мәзір

ӘКК әкімдіктердің әмиянына айналды

06.03.2024
ӘКК әкімдіктердің әмиянына айналды

Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациялардың терең былыққа батқаны жиі айтылып жүр. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев премьер-министрдің орынбасары Нұрлан Байбазаровқа жолдаған сауалында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды World of NAN.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары жылдан жылға шығынға батып, бюджетке салмақ түсіріп жатыр. 2016 жылы шығынның деңгейі 4,2 млрд теңге болса, 2020 жылы ол 15 млрд теңгеге дейін жеткен. Депутат ӘКК-лер басқа құрылымдардың қызметін қайталайтынына да тоқталып, тіпті әкімдіктердің әмиянына айналғанын айтты.

«Екіншіден, бүкіл атқаратын функциялары Қазақстандағы даму институттарының барлығының функцияларын қайталайды. Бұл туралы бәсекелестікті қорғау, дамыту агенттігі талай мәрте жазса да, СПК-лардың (ӘКК) мұртын балта шауып жатқан жоқ, ешкім пысқырып та жатқан жоқ», - деді Баққожаев.

«Үшіншіден, бұл СПК-лар әкімдіктердің қалтасына айналған деген ақпарат келіп отыр. Бүгінгі таңда олардың балансында бар активтер әкімдіктерге берілудің орнына кәсіпкерлерге жалға беріліп жатыр. Мысалы, Алматы қаласында солардың бірін әлеуметтік маңызы бар тауарларға қажет деп беріп қойған. Біз ол жерде болдық», - дейді депутат.

«Мен мынаны айтайын: Magnum сату желісіне 0,01 пайызбен миллиондап ақша беріп қойған. Әдетте Magnum сатып жүрген тауарларын сол бағада қойып, алған арзан ақшаны өз айналымдық қаражаты ретінде пайдаланып жатыр. Шаруалар осыған дейін қымбат кредит алып жүрсе, ақша іздеп сабылып жүрсе, кәсіпкерлік корпорациялардың бұндай жұмысын қалай бағалауға болады?», - деп сауал жолдады.

Депутат Ауыл партиясының атынан мәселеге шешім де ұсынды. Ол керек болса осы корпорациялардың жұмысын тоқтатып, оны нақты бір ғана бағытқа жұмсау керек деп есептейді. Одан бөлек тиісті заң қажет болуы мүмкін екенін айтты.

Анас Баққожаевтың айтуынша, корпорация – өңірлерде шикізат пен қайта өңдеуді байланыстыратын құрал болуы керек. «Кооперация, кластерлік жүйелердің қажет екенін әлем баяғыда дәлелдеп шықты. Міне, осы құралдарды дамытып, өңірлерде шын мәнінде кәсіпорындардың жұмыс істеуіне ықпал етуі керек деп ойлаймыз», – деп түйіндеді депутат.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии