Мәзір

Алматы облысының бағбандары апортты сақтап қалғысы келеді

05.06.2023
Алматы облысының бағбандары апортты сақтап қалғысы келеді

Отандық бағбандар Алматының танымал апортын қалпына келтіргісі келіп жатыр. Алманың осы түрін сақтап қалып, санын көбейтуге бірнеше жыл бұрын әрекет басталғанымен, одан нәтиже шықпады. Қазір аймақтағы фермерлер алманың бірнеше түрін өсіреді, бірақ олардың көпшілігі апортпен айналыса бермейді. Неліктен бұлай болғанын World of NAN порталы «Хабар 24» арнасының репортажына сілтеме жасай отырып айтады.

Алматы облысының Жамбыл ауданында жергілікті серіктестік аумағы 25 гектар бақтан алма өндірумен айналысады. 5 жыл бұрын Венгриядан алманың 5 түрлі тұқымын әкелген, былтыр алғашқы жемісін берді. Әр гектардан тоннадан астам жеміс жинай алған. Сол жылы 5 гектар жерге апорт тұқымын отырғызды.

Агроном Нұрдәулет Жиенбеков былай түсіндіреді: «Апорт – алматылық алма. Бұл жақта оның өспей қалуы мүмкін емес. Аз-аздап өседі, апортпен айналысу да пайдалы. Алғашқы жемісін 7 жылдан соң беріп, әрі қарай жылына тоқтаусыз жеміс салады. Бастысы, ағашты үсік шалмауы керек. Оны өсірудің өз тәртібі бар».

Бау-бақша қожалықтарының көпшілігі еуропалық алма тұқымдарын өсіруді жөн көреді. Өйткені олар жылдамырақ жеміс салып, көбірек өнім береді. Ал апорт тек жеті жылдан соң түйін салады. Оған қоса, түрлі ауруға, бактериялық сырқаттарға тап болып, ерекше күтімді талап етеді.

Жамбыл ауданындағы ауыл шаруашылық бөлімінің бас агрономы Қайрат Тойшыбековтің айтуынша, қазіргі уақытта 54 гектар аумақта алма интенсивті түрде өсіріліп жатыр. Жалпы алғанда, ауданда 600 гектар алма бағы бар. Одан бөлек, алма отырғызылып, бірақ әлі жеміс бермеген 15-20 гектар бар.

Ғалымдар танымал апортты қайта дүниеге әкелудің жолын іздестіріп жатыр. Мысалы, Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Талғар шатқалындағы 5 гектар жерге жас көшеттер отырғызды. Ғалымдар апортқа мол ылғалдылық пен кең орын қажет деп түсіндіреді. Ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы Сәуле Қазыбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта апорттың «Күләш», «Нұрсат», «Айнұр», «Есен» сияқты 27 түрі шығарылған. «Олардың кейбірі сынақтан өтіп, ресми тізімге қосылып қойды. Еліміз бойынша апорт екі мың гектар аумаққа егіледі. Бірақ оларды сақтап қалу үшін мақсатты түрде мемлекеттік бағдарлама құрастыру керек,» – дейді ғалым.

Апорт 60 жыл бойы жеміс береді. Алманың бұл тұқымы әлемнің көптеген жерінде өседі, дегенмен Алматыдағы апорт ерекші дәмі мен иісі арқылы басқалардан ерекшеленеді. Осыған байланысты ол Алматы қаласының белгісіне айналған.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии