Мәзір

АҚШ билігі лабораториялық ет өндірісіне рұқсат берді

22.06.2023
АҚШ билігі лабораториялық ет өндірісіне рұқсат берді

Америка Құрама Штаттарының ауыл шаруашылық басқармасы зертханалық ет шығаратын екі компанияға өнімін сатуға рұқсат берді. Осылайша АҚШ лабораториялық етке рұқсат еткен Сингапурдан кейінгі екінші мемлекет болып отыр, деп World of NAN хабарлайды.

АҚШ-тың ауыл шаруашылық басқармасы (немесе ауыл шаруашылығы министрлігі) жасанды етті өндіріп сатуға келісім берді. Қазіргі сәтте Калифорния штатындағы Upside Foods және Good Meat компаниялары осындай рұқсатқа қол жеткізген. Бұл компаниялар лабораториялық жағдайда тірі құс жасушасынан ет өсіріп шығарады.   

Осыдан бірнеше ай бұрын АҚШ-тың тамақ және дәрі-дәрмек өнімдерін бақылау басқармасы лабораториялық етті зиянсыз деп таныған болатын. Сөйтіп оны тамақ өндірісінде пайдалануға рұқсат берді. Good Meat компаниясы қазірдің өзінде Сингапурда жасанды зертханада жасалған етті сата бастады. Сингапур – лабораториядағы еткен рұқсат еткен әлемдегі тұңғыш мемлекет.

Ғалымдар лабораториялық етті жасау үшін кәдімгі жануар ұлпасынан дің жасушасын (стволовая клетка) бөліп алып, шынайы өмірдегіге ұқсайтын лабораториялық қоректік ортаға (биореакторларға) орналастырады. Осы сәтте жасушаның регенерация (қалпына келу) процесі жүзеге асып, бұлшықет тіндері өсе бастайды. Зертханада жасалған еттің түсі мен дәмі табиғи етке қатты ұқсайды. Бір бургерді дайындауға қажет ет зертханада бір ай көлемінде өсіп шығады.

Upside Foods пен Good Meat әзірше өз өнімдерін супермаркеттерге жаппай сатылымға шығармайды. Ең әуелі мейрамханаларға сатпақшы.

Өсімдіктен жасалатын етке қызығушылық төмендей бастаған соң, инвесторлар зертханалық етке көбірек көңіл бөліп жатыр. Мысалы, өнімнің осы түрін шығаруды қолға алған Eat Just компаниясы – 978,5 млн доллар, ал Upside Foods – 608,4 млн доллар қаржыландыру тарта алған.

Мемлекет рұқсаты мен инвесторлар қолдауына қарамастан, лабораториялық еттің жақын арада танымал болуы екіталай. Өйткені қазіргі сәтте оның бағасы тым қымбат әрі өндірушілер биореакторлар санын қалай жылдам көбейтерін білмей бас қатырып жатыр. Сонымен қатар, өндірушілер зертханада жасалған еттің қауіпсіз екеніне халықты сендіре алуы керек.

Дегенмен бұл кедергілерді еңсере алса, өндірістің осы саласы дамитынына үміт бар. McKinsey мұндай жағдайда 2030 жылға қарай зертханалық ет әлемдегі жалпы ет өндірісінің бір пайызын құрай алады деп болжайды, яғни өндіріс көлемі 25 млрд долларға жетуі мүмкін.

Кейбіреулер еттің мұндай түрі зиянсыз екенін, өндіруге аз ресурс жұмсалатынын әрі экологияға залал келмейтінін айтады. Ал кейбіреулер бұл бағытта зерттеулер әлі де жеткіліксіз екенін алға тартып, жасанды етке күмәнмен қарайды. Сингапур мен АҚШ – лабораториялық етке ресми рұқсат еткен әзірше екі-ақ мемлекет. Бірнеше ай бұрын Италия билігі де осы технологияны талқылап, “дәстүр мен мәдениетті қорғайтынын” және бұл өнім тұтынушыға жоғары сапа кепілдігін бере алмайтынын айтып, оған тыйым салды. 

 

 


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии