Мәзір

Ақтөбе облысында егістік суаруға 1 миллиард теңгеден астам қаржы мақсатсыз жұмсалған

13.06.2023
Ақтөбе облысында егістік суаруға 1 миллиард теңгеден астам қаржы мақсатсыз жұмсалған

Бас прокуратура мен Экономикалық тергеу департаменті осы іспен айналысып жатыр. Бұл туралы World of NAN порталы Agroqogam.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Барлығы 2016 жылы, Ақтөбе қаласының әкімдігі «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Ақтөбе су қоймасынан Сазды өзеніне су жіберуді тапсыруымен басталды. Облыс орталығынан ағатын шағын өзен жиі құрғап, сыртқы көрінісімен қала келбетін бұзатын. Сондықтан билік 11 шақырымдық су құбырын салып, осы өзенге су қоймасынан су апаруды шешті.

Бұл су арқылы саябақтағы жасанды тоғандарды толтырып, жасыл желекті суару жоспарланған болатын. Су қоймасының толық көлемі 245 миллион текше метрді құрайды. Бірақ мұндай көлем әрдайым жинала бермейді: аймақта жауын-шашын аз. Осыған қарамастан «Қазсушар» РМК филиалы Саздыға жаздың үш айында 2 миллион 160 текше метр су өткіземіз деп сендіріп, бес жыл бойына су құбырын жүргізіп, арнасына бетонды плиткалар төсеп, сорғы станцияларын орнатты, бірақ жоба сол күйі жүзеге аспады. Мердігер «ТехникаРемстрой» ЖШС банкротқа ұшырады. Енді құрылысқа тапсырыс беруші – «Қазсушар» жұмсаған 1,1 млрд теңгені РМК Еуропа Қайта Құру және Даму банкіне қайтаруы тиіс. Бұл қаражат қарызға алынған болатын. Саябақты суаруға жұмсалған судың төлемі есебінен ақшаны қайтару жоспарланған еді. Бірақ әзірше беретін ештеңе жоқ. Жобаға Бас прокуратура мен Экономикалық тергеу департаменті назар аударды.

«Жоба ауылшаруашылық жерлерін суарудың мақсатты бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды», - дейді «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Тимур Тілеуов. – Бірақ жоба бойынша су егістік емес, 1520 гектар саябақ жерін суаруға арналған болатын. Прокуратура қаржының мақсатсыз пайдаланылғанын көрді».

Енді су құбырын аяқталмаған құрылыс ретінде қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне өткізбекші. Жобаға тапсырыс беруші – Ақтөбе қаласының әкімдігі. Бірақ қала әкімдігі жобаны қабылдап алуға асығар емес. Әкімдік бұл жобаға тапсырыс берген 2016 жылдан бері Ақтөбеде әкім төрт рет ауысты, соңғысы Мұрат Жүребеков жарты жыл жұмыс істеместен қызметтен кеткен.

«Түсініксіз жобаға жұмсалған миллиард теңгеге бірнеше шаруа қожалығының суармалы алқабын кеңейтіп, көкөніс пен жем-шөп өсіруге болар еді», - дейді эко-белсенді, «РЕД» қоғамдық қорының жетекшісі Александр Мандрыкин. – Шаруалар суаруға қаржы таппай жүргенде, мақсатты бағдарлама бойынша бөлінген қаржы ешқандай су жеткізбейтін, аяқталмаған су құбырына жұмсалды. Су қоймасы жылдан жылға қажетті су көлемін жинай алмай жатыр. Жауын-шашын жоқ».


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии