Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егіс науқанына жеңілдікпен несие беруді бастады. Бюджеттік кредит шеңберінде 15 млрд. теңге мөлшеріндегі бірінші транш бағдарлама операторы – «Аграрлық несие корпорация» АҚ-ға жіберілді. Бұл туралы World of NAN тиісті ведомствоға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
2024 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген кредит беру үшін 140 млрд. теңге көлемінде бюджет қаражаты қарастырылған, бұл кем дегенде 2 млн гектар алқапқа егуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама кредит беру мерзімі 2025 жылғы 1 наурызға дейін (негізгі қарыз пен сыйақы сомасының 50%-ын 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейін, қалған 50%-ды 2025 жылғы 1 наурызға дейін) теңгемен жылдық 5%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша түпкілікті қарыз алушы – АӨК субъектісі үшін қарыздар беруді көздейді. Осының арқасында шаруалар егінді келесі жылдың 1 наурызына дейін өздері үшін оңтайлы жағдайда сатып және барынша пайда алады. Бұл ретте өтеудің түпкілікті кестелері шаруалардың қарыз шарттарын жасасу кезінде жеке тәртіппен қалыптастырылады.
Бұдан басқа, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау шарттарына өзгерістер енгізген еді, бұл қарыз алушы үшін қиындық тудыратын мән-жайлардың басталуына байланысты сыйақы мөлшерлемесін төлеу және (немесе) негізгі борышты өтеу бойынша кейінге қалдыру мерзімін 10 айдан 24 айға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Тиісті түзетулер осы жылдың 15 қаңтарында күшіне енді.
Сондай-ақ фермерлердің қарыздарын ұзартуды ұсыну арқылы өткен жылғы ауыл шаруашылығы маусымының қолайсыз ауа райы жағдайларының салдарын жою жөніндегі іс-шаралар жалғасып жатыр. 2024 жылғы 19 қаңтарға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға 51,2 млрд теңге сомасына 1 145 АШТӨ-ден ұзартуға арналған құжаттардың толық пакетімен өтініштер келіп түсті, оның ішінде 46,1 млрд теңгеге 1 061 өтінім ұзартуға мақұлданды, 5,1 млрд теңге сомасына тағы 84 өтінім қаралып жатыр.
Осыған дейін фермерлер өткен жылғы қуаңшылық пен егін жинау науқанында толассыз жауған жаңбыр салдарынан шығынға ұшырап, несиелік міндеттемелерді орындай алмайтынын және олар несиені қайтару мерзімін ұзартқан күннің өзінде жеңілдікпен несие ала алмайтынын айтып шағымданған еді. Ал несие ала алмаған фермерлер алдағы маусымда егіс жұмыстарын жүргізе алмай, банкротқа ұшырауы мүмкін. Дегенмен министрлік таратқан хабарламада мұндай фермерлердің бұрынғы несиенің үстіне тағы бір несие ала алатыны немесе ала алмайтыны айтылмаған.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение