Еліміздің бір топ делегаты Аустралияның ең ірі әрі заманауи мал биржасына барды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин биржаның жұмысымен танысқан соң біздің елдің мал шаруашылығындағы делдалдық схемаларын қысқартуымыз қажеттігін айтты. Бұл туралы World of NAN порталы министрлікке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Аустралиядағы RLX (Regional Livestock Exchange) мал биржасының жалпы ауданы 4 гектарды құрайды, оның 1,5 гектары жабық базар. Бір мезгілде мұнда 8 мың басқа дейін мал болуы мүмкін. Әр сейсенбі және екінші бейсенбі сайын сауда жасалынады. Мұнда жыл сайын 140 мыңға жуық ірі қара мал сатылады. Сатуға әкелінген барлық мал басы электронды биркалар арқылы бірдейлендіріліп, бақыланады. Ірі қара мал аукционға бір күн қалғанда әкелініп, таза салмағын қамтамасыз ету үшін кешкі сағат 21.00-ден бастап азық берілмейді. Ал сатылған соң мал жаңа иесіне немесе союға тасымалданады. Сауда күніндегі сату көлемі 99,5% құрайды, яғни сатылмаған ірі қара мал қалмайды десе де болады. Аустралиялықтардың айтуынша, биржада аптасына 2000 бас ірі қара сатылады.
Мұндағы мал биржасы малдың әрбір түріне бағаның даусыз көрсеткішін қалыптастырады, мемлекетке саладан түсетін кірісті болжау үшін нарықтық қозғалыстар мен тенденцияларды түсінуге, банктер тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге, ал фермерлерге кез келген уақытта және кез келген климаттық өзгерістер жағдайында малды сатуға мүмкіндік береді. Құрғақшылық кезінде союдың қажеті жоқ.
«Қазақстанда мал биржалары жоқ, малды делдалдар шаруалардан алып, базарға сатады. Ұйымдасқан, өркениетті сауда жоқ. Ал Австралияда біз мал шаруашылығының мүлде басқа мәдениетін және ет өндірудің бірнеше есе төмен құнын көрдік. Қазір Қазақстанда мал шаруашылығын дамытудағы басты мәселелердің бірі – делдалдық схемалар. Салдарынан фермер қалаған бағасын ала алмай отыр. Биржа фермерге делдалдық схемаларсыз күткен пайданы алуға мүмкіндік береді. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінде мал шаруашылығын дамытудың жоспарын жасап жатырмыз, бұл тәжірибе бізде де пайдалы болады», - деді Аманғали Бердалин.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение