Мәзір

Ауыл шаруашылығы климаттың өзгеруін жылдамдатуда

10.01.2023
Ауыл шаруашылығы климаттың өзгеруін жылдамдатуда

«Methane as a Sustainable Gas in Kazakhstan» - Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауы және демеуімен Bilim Barine қоғамдық қорымен жүзеге асырылып жатқан жоба.

Қазіргі таңда өндіріс кешендерінің, зауыттардың, басқа да табиғат ресурстарын пайдаланатын кәсіпорындардың қоршаған ортаға теріс әсер етуінен, әлем көптеген қиындықтарға тап болды. Олардың қатарында адам төзгісіз ыстық, ауа-райы апаттарының күшеюі, экожүйелердің жойылуы мен аштық. Мұның себебі, адамзат баласы экономикаға қатты көңіл бөліп, экология туралы ұмытып кеткендей.

Адам қызметінің теріс нәтижесінде атмосфераға парниктік газдардың шығарылуы жылдан-жылға артып келеді. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның зерттеуіне сәйкес, атмосферадағы метан климаттың өзгеруіне тікелей әсер ететін зиянды газ ретінде тіркелген. Ал оның мөлшері атмосфераға көмір қышқыл газынан аз шығарылғанымен, парниктік эффектілігі  ондаған есе күшті болып отыр. Мұнда, парниктік эффект дегеніміз - өзімізге  қажетті энергияны немесе ресурсты өндіру кезінде атмосфераға шығарылған жылуды сақтайтын газдарды айтамыз.

Сарапшылар климаттық дағдарысты шешу үшін көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту жеткіліксіз екенін ескертіп, жаһандық температураның өсуін тоқтату үшін метанға қатысты жедел әрекет ету керек екендігін айтуда.

Метан газы атмосфераға адам қызметі нәтижесінде және табиғи көздерден шығатыны белгілі. Бірақ, табиғи көздерге қарағанда, адам қызметі нәтижесінде шығатын метан шығарындыларының деңгейі  соңғы жылдары күрт өсуде. Адам қызметі нәтижесінде шығатын метан шығарындыларының басым бөлігі ауылшаруашылық   секторына тиесілі.  Сондықтан, ауыл шаруашылығындағы метан шығарындыларын азайту жаhандық жылынумен күресудегі өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Ауыл шаруашылығынан шығарылатын метан газы мал шаруашылығындағы ірі қара, шошқа, қой және ешкі сияқты үй жануарларының ас қорыту процесі кезінде шығарылады. Сонымен қатар, метан көңді сақтау немесе оны өңдеу кезінде пайда болады. Адамдар үй жануарларын азық-түлік және басқа да мақсатта өсіретіндіктен, метан шығарындылары адам қызметі есебінен бөлінетін парниктік газдарға жатады.  Мұнда метан малдың ас қорыту кезінде бөлінеді және қи мен көңдерді жинақтау барысында шығарылады. Сонымен қатар, метан бірқатар табиғи көздерден бөлінеді. Табиғи сулы-батпақты жерлерде  органикалық материалдарды ыдырататуға оттегі жетіспеген кезде, бактериялар өз жұмысына кірісіп, метан шығарындыларының ең үлкен көзі болып табылады. Табиғи метан шығарындыларының кішігірім көздеріне термиттер, мұхиттар, шөгінділер, жанартаулар және орман өрттері жатады.

Алайда ауылшаруашылық метан тек жануарлардан ғана шығарылмайды, сондай-ақ, су басқан алқаптар оттегінің топыраққа енуіне жол бермей, метан шығаратын бактериялар үшін тамаша жағдай жасайды.

Ғалымдар мал шаруашылығынан бөлінетін метан газы мәселесін зерттеуде парниктік эффект процесі басым аймақтарда орташа температураның жоғарылауына байланысты   жануарлар қоректенетін азықтарының құрамының сапасы  төмен болатындығын байқаған. Яғни, жаһандық температураның өсуіне байланысты малға берілетін қоректік ортаның  сапасы төмендейді. Мал азықтарының сапасының төмен болуынан, ас қорытуға көбірек уақыт жұмсайды, нәтижесінде атмосфераға метан көбірек бөлінеді. Метан шығарындылары жердегі температураның жоғарылауына әсер етіп, өз кезегінде шөптердің қоректік сапасының төмендеуіне алып келеді. 

Зерттеушілер метан шығарындыларының өсуін Солтүстік Америкада, Орталық және Шығыс Еуропада, сондай-ақ Азияның бірнеше аймақтарында күтуге болады деп болжам жасауда. Алайда, оның салдары бүкіл жер шарына әсер етеді. Ғалымдардың пікірінше, адамзат қазір жер шарын және өз өмірлерін сақтау үшін мал басын азайту немесе оларға берілетін азықтардың сапасына қатты көңіл бөлу керектігін айтады.

Метан газы парниктік эффект тудырып қана қоймай, жыл сайын миллионға жуық адамның мезгілсіз өліміне әкеліп, озон мен ауаны ластаушы жаңа қосылыстардың пайда болуының негізгі факторы болып табылады.

ЮНЕП-тің зерттеулері бойынша, атмосферада көмірқышқыл газы жүздеген жылдар бойы қалады. Бұл шығарындыларды күрт азайтсақ, бұл ғасырдың соңына дейін климатқа айтарлықтай әсер етпейді. Бірақ метанның ыдырауы үшін шамамен он жыл қажет.

ЮНЕП-тің азық-түлік жүйелері және ауыл шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі Джеймс Ломакс, адамзат баласы "егін егу мен мал шаруашылығына деген көзқарасты қайта қарастырудан" бастау керек дейді. Бұл үшін жаңа жасыл технологияларды қолдану және ақуыздың балама көздерін пайдалану сияқты іс-шаралар жасауымыз қажет. Ломакстың айтуынша, егер адамзат парниктік газдар шығарындыларын азайтып, жаһандық жылынуды 1,5° C-ға дейін шектегісі келсе, бұл маңызды іс-әрекет болар еді.

Ауыл шаруашылығында метан шығарындыларын азайту үшін ғалымдар сиырлардың жем түрлерімен тәжірибе жасап, компост жасау немесе биогаз өндіру үшін пайдалану арқылы оның тиімді өңдеу жолдарын іздеуде. Мысалы, күріш сияқты негізгі дақылдарға келетін болсақ, сарапшылар шығарындыларды екі есе азайтатын ылғалдандыру мен кептірудің балама тәсілдерін ұсынып жатыр. Егістіктерді үнемі су басудың орнына, күріш алқаптарын вегетациялық кезеңде екі-үш рет суаруға болатынын және бұл күріштің өнімділігіне әсер етпей метанның пайда болуын шектейді. Ал, ет немесе сүт бағытында өсірілетін жануарларды сапалы жем-шөппен қамтамасыз ету олардың ас-қорыту жүйесі арқылы шығарылатын метанды азайтуға мүмкіндік береді.

Серікхан Айдарханұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD кандидаты, жасыл технологиялар саласының сарапшысы.

Редакциядан: «Bilim Barine» қоғамдық қоры Ақтау қаласында орналасқан үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйым. Мақсаты – әділетті және инклюзивті білім беру арқылы қазақстандықтардың мүмкіндіктерін кеңейту және іске жұмылдыру.

Электронды пошта: info@bilimbarine.kz

Сайт: www.bilimbarine.kz

Instagram: @bilimbarine


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии