Автор: Бауыржан Биахметов, ол «Bilim Barine» қоғамдық қорының жасыл энергетика, қоқыс-қалдықтарды басқару және климат дағдарысы салалары бойынша сарапшысы.
Ауыл шаруашылығы қалдықтарынан биогаз қалай өндіріледі? Қандай технологияларды қолданады?
Кез келген органикалық материалдан анаэробты ашыту процесі арқылы биогаз өндіруге болады. Анаэробты ашыту процесі дегеніміз – бұл микро-ағзалардың оттегі болмаған кезде органикалық материалдарды ыдырататын процестер тізбегі. Биогаз өндіруде кеңінен қолданылатын органикалық қалдықтарға тамақ пен жан-жануарлар қалдықтары жатады. Органикалық қалдықтардан өндірілген биогазды тазарту процестерінен өткізгеннен кейін электр және жылу энергиясын алуға болады. Биогаздың әдетте 60%-ы метаннан және 40%-ы көмірқышқыл газынан тұрады. Метан – пайдалы жанғыш газдардың бірі. Табиғи газдың 90%-дан астамы метаннан тұрады.
Ауыл шаруашылығында малдың сұйық көңінен биогаз қондырғыларын пайдалану арқылы шикізаттан биогаз өндіру процесін түсіндіріп көрейік. Бірінші, танкерде біртекті суспензия пайда болғанша малдың көңі сумен араластырылады. Кейін органикалық шикізат кіріс құбыры арқылы анаэробты ашыту реакторына жіберіледі. Шикізат реакторда 30-60 күн аралығында ыдырап биогаз өндіреді. Мұндағы уақыт ұзақтығы әртүрлі параметерге байланысты құбылып отырады. Мысалы, биореактор ішіндегі температура, реактордың көлемі, шикізаттың түрі, т.б. Пайда болған биогазды реактордағы газұстағыш қондырғы бөліп алып, оны арнайы газ сақтау орнына құбыр арқылы жібереді. Биогазды жаға отырып жылу немесе электр энергиясын өндіруге болады.
Қазақстанда органикалық қалдықтардан биогаз өндіріп пайда тауып отырған жағдайлар бар ма?
Өкінішке қарай, Қазақстанда органикалық қалдықтардан биогаз өндіріп отырған фермалар немесе кәсіпкерлер саусақпен санарлық. Бірақ, осы фермерлер мен кәсіпкерлердің арасында пайда тауып отырған бірнешеуін атап өтуге болады. Мысалы, Қарағанды облысы Абай ауданында орналасқан «Агрофирма Қурма» ЖШС құс шаруашылығымен айналысады және 2018 жылдан бастап құс шаруашылығының қалдықтарын биогаз өндіруде пайдаланады. Сондай-ақ бұл құс шаруашылығы биогазды электр энергиясына түрлендіріп, жылына орташа есеппен 4 млн 800 мың кВтсағ электр энергиясын өндіріп отыр. Өндірілген электр энергиясы өз қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, артығын электрлік жүйе желісіне жіберіп пайда тауып отыр.
Осы секілді органикалық қалдықтарды қолданып, пайда тауып отырған басқа фермалар мен кәсіпкерлер де бар. Мысалы, Шымкенттегі «Су ресурстары маркетингі» ЖШС мекемесі кәріз қалдықтарын пайдаланып энергия өндіреді. Қарағанды облысының «Волынский» агроөнеркәсіп кешені шошқа фермасының ағынды суларын өңдеу үшін биогаз қондырғыларын пайдаланады. Өндірілген электр энергиясы шошқа фермасының жеке қажеттіліктеріне жұмсалады.
Неге Қазақстанда ауылшаруашылық қалдықтарынан энергия өндіріп пайда тауып отырған фермерлердің саны саусақпен санарлық?
Қазақстанда ауылшаруашылық қалдықтары жеткілікті болғанына қарамастан, сол қалдықтардан биогаз өндіріп отырғандар расымен өте аз. Фермерлер арасында қызығушылық бар. Бірақ биореактор мен электр энергиясын өндіретін генераторды сатып алып, оларды орнату фермерлерден айтарлықтай инвестицияны талап етеді. Осы салада жеткілікті тәжірибесі мен білімі болмағандықтан, фермерлер инвестиция құюға дайын емес.
Мемлекет биореакторларды сатып алып, орнатуға қандай көмек көрсетеді?
Фермер ауылшаруашылық қалдықтарын қолданып, биогаз немесе жылу мен электр энергиясын өндіру үшін биореакторды орнатуға бел буса, бұл үшін мемлекеттен көптеген жеңілдік қарастырылған. Қазір Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірлескен жобалары аясында энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерді қаржылық қолдаудың үш және одан да көп бағдарламасы бар. Фермерлер биореактор немесе басқа да жаңартылатын энергия көздерін, мысалы күн панельдерін орнатқысы келсе, осы бағдарламаларға өтініш берсе болады. Бұдан басқа, фермерлер университетпен серіктестік орнатып, 300 миллион теңгеге дейін ҒҒТҚН грантына тапсыра алады. Бұл қаражаттың едәуір бөлігін биогаз өндіру үшін керекті жабдықтарды сатып алуға жұмсауға болады.
Биогаздан өндірілген электр энергиясын фермерлер электр желісіне жіберіп пайда таба алады. Бұл, әрине, қосымша инвестицияны қажет етуі мүмкін. Биогаз үшін жаңартылатын энергияның негізгі төрт түрі арасындағы ең жоғары шекті аукциондық баға электрэнергиясына 32,15 теңге/кВтсағ көлемінде орнатылған. Мысалы, күн мен желден өндірілген электр энергиясының бағасы – шамамен 15-20 теңгенің маңайы. Бұл әрине, биореакторды орнатуға жұмсалған инвестицияның қайтарым уақытын қысқартуға оң әсер етері анық.
Биогаз өндіргісі келетін фермерлерге кеңестер
Көптеген фермер биогаз өндірумен айналысқысы келгенімен, оларда бұны жүзеге асыру үшін қаншалықты шаруа атқаруы керек екені, қанша инвестиция қажеттігі, қанша табыс әкелуі мүмкін екені туралы сұрақтар туындауы мүмкін. Осы сұрақтарға жауап алу үшін, Қазақстанда аз да болса бар ауылшаруашылық қалдықтарынан биогаз өндіріп жатқан фермерлердің тәжірибесімен танысуға болады. Жылда фермерлерге арналған көптеген арнайы курстар немесе тренингтер өткізіледі. «Тұрақты дамуға жәрдемдесу орталығы» қоғамдық қоры жыл сайын пайдалы ақпарат бөліседі. Биыл мен «Bilim Barine» қоғамдық қорымен бірлесіп, Алматы облысының 300-ге жуық әкімі мен фермерлеріне ауылшаруашылық қалдықтарынан биогаз өндіруге қатысты тренингтер өткіздім. Сондай-ақ интернеттің өзінде қазақша материалдардың аз болуына қарамастан, көптеген пайдалы ақпаратты табуға болады. Міндетті түрде биоқондырғыларды орнатуға мемлекеттен қарастырылған жеңілдетілген несие немесе басқа да бағдарламаларға тапсырып көру керек.
Бұл мақала Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауы және демеуімен «Bilim Barine» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Methane as Sustainable Gas in Kazakhstan» жобасы аясында жазылған.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение