Былтыр еліміздің ауыл шаруашылығы жоғары өсім көрсетіп, өндіріс көлемі 9,1% ұлғайды. Әсіресе өткен жылы өсімдік шаруашылығында жоғары өсім байқалған: өндіріс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,1% артық. Экономист, AlmaU ассистент-профессоры Вадим Новиков «Курсив» газетіндегі мақаласында кейінгі жылдағы мұндай жетістікке АШМ қаншалықты үлес қосқанын қарастырған. Оның айтуынша, министрлік жұмысынан гөрі табиғат көбірек рөл атқарып отыр. World of NAN порталы зерттеушінің негізгі аргументтерін қысқаша баяндайды.
Министрлік ауыл шаруашылығындағы жоғары көрсеткішті өзі жүргізіп отырған саясаттың, атап айтқанда, «қабылданған жүйелі шаралардың» тікелей жемісі ретінде көрсеткісі келеді. Дегенмен сарапшы Вадим Новиков Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы зор жетістігінде АШМ-ның үлесі соншалықты үлкен емес екенін алға тартады.
Сарапшы бұл пікірін бірнеше аргументпен дәлелдеген.
Біріншіден, министрлік қабылдаған бірыңғай «жүйелі шараларға» қарамастан, Қазақстанның әр аймағында ауыл шаруашылығы әр түрлі нәтиже көрсеткен. Былтыр тіпті Ұлытау, Алматы, Павлодар, Абай облыстарында өндіріс құлдырай түсіпті. Бұл әр өңірдің арнайы шарттары түпкілікті нәтижеге көбірек ықпал еткенін байқатады.
Екіншіден, Қостанай облысы былтыр өте жоғары өсімге қол жеткізген. Республикадағы ауыл шаруашылығы өсімінің – 41 пайызы, өсімдік шаруашылығындағы өсімнің – 45 пайызы Қостанай облысына тиесілі. Облыс әкімдігі мұны жоғары сапалы тұқымның, мемлекеттік субсидияның арқасында деп түсіндіргісі келеді. Дегенмен 2022 жылы егістіктің тек 5 пайызына сапалы тұқым себілген, ал облыстағы ауыл шаруашылығына алдыңғы жылдары былтырғыдан да көп субсиядия бөлінген. Бірақ алдыңғы жылдары өсім мұндай жоғары болмапты. Есесіне былтыр ауа райы алдыңғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым жайлы болды. Яғни министрліктің шараларынан гөрі, жауын-шашынның молдығы жоғары өнімділікке жол ашты. Мәселен, ауа райына аса тәуелді емес мал шаруашылығы былтыр елімізде 0,8% ғана өскен (егер министрліктің шараларына тәуелді болса, өсім әлдеқайда жоғары болуға тиіс еді), ал Қостанай облысында бұл сала тіпті 9,2% төмендеген.
Үшіншіден, Қостанай облысындағы егістік көлемі былтыр 0,3% ғана артқан. Демек зор өнім егістік жерлердің ұлғаюынан емес, түсімділіктің артуы есебінен болған.
Төртіншіден, өндіріс көлемі мемлекеттің ешқандай араласуынсыз, шаруашылыққа салым жасауынсыз-ақ ұлғайған. Былтыр Қостанай облысының ауыл шаруашылығына құйылған негізгі капиталдағы инвестиция 11,1%-ға артқан, бірақ облысқа құйылған негізгі капиталдағы мемлекет инвестициялары еш байқалмаған. Өткен жылы Республика бойынша ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция 6,3%-ға артып, бірақ мұндағы мемлекет инвестициясының көлемі бар болғаны 0,05% құраған. Яғни бұл салаға жеке сектор мемлекетке қарағанда анағұрлым көбірек инвестиция құйып отыр.
Қорыта айтқанда, экономист Вадим Новиков табиғаттың жасап бергенін министрлік өз еңбегінің жемісі ретінде көрсеткісі келіп жүргенін түсіндіреді. Ол ауа райы, аймақтық ерекшеліктер, жеке сектор сияқты түрлі фактордың ауыл шаруашылығы өнімділігінде маңызды рөл ойнайтынын және олардың арасында күрделі байланыс бар екенін алға тартады. «Ауыл шаруашылығы – табиғатпен билеу, мұнда шенеуніктер өздерінің басты биші екеніне сенімді, бірақ шын мәнінде оларды паркет бойымен жетелейтін – табиғат», - дейді сарапшы.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение