Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында еліміздегі ауыл шаруашылық техникасының 80 пайызы ескіріп-тозғанын айтты. Ол жыл сайын шаруашылық техникасын 8-10%-ға жаңартып отыру қажет екенін атап өтті. World of NAN редакциясы Қазақстанның көлік өнеркәсібі ауыл шаруашылығы техникасына сұранысты қаншалықты орындай алатынын қарастырып көрді.
«Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының» мәліметінше, елімізде жыл сайын егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 150 мыңнан астам трактор мен 88 мың тұқым сепкіш, сондай-ақ 40 мыңға жуық астық жинау және жемшөп жинау комбайндары мен басқа да қажетті техника қатысады. Бұл техникалардың 80 пайызға жуығы тозған. АШМ деректері бойынша, ауыл шаруашылығы техникасының өте тозған негізгі түрлерінің үлесі (15 жылдан жоғары): тракторлар - 79%, комбайндар - 54%, сепкіштер - 86%, дестелегіштер - 63% құрайды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев биыл Қазақстанда 900 комбайн, 5 мың трактор құрастыру жоспарланғанын айтқан еді. Дәл қазір жоспар қаншалықты орындалғаны жайлы ақпарат жоқ, дегенмен жыл соңына дейін уәде етілген комбайн мен трактордың барлығы жасалып шыққан күннің өзінде, олар комбайн паркін – 2,2 пайызға, ал тракторды – 3,3 пайызға ғана жаңарта алады. Мұндай қарқынмен бүкіл техниканы жаңартып шығуға 35-50 жыл уақыт қажет болады.
Осыдан бір ай бұрын премьер-министр Әлихан Смайылов еліміздегі машина өндірісін дамыту үшін Кешенді жоспар дайындап, алдағы бес жыл ішінде өндірісті екі есеге арттыруды тапсырған болатын. Премьердің тапсырмасы бес жыл мерзімде түбегейлі орындалады деп есептесек те, ол кездің өзінде ауыл шаруашылық техникасы президент айтқан 8-10% деңгейде емес, 4-6% мөлшерінде ғана жаңарады.
Тозығы жеткен техника егу және егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізуге кедергі келтіреді, өнім сапасын төмендетеді, жұмыс өнімділігін баяулатып, өнімді жинау, сақтау, сұрыптау, тасымалдау кезінде ысырап болуын арттырады. Мұның бәрі техниканы тезірек жаңарту қажет екенін көрсетіп отыр.
Жоғарыдағы есептеулерге сүйенсек, отандық өндіріс қазіргі қарқынын екі есе арттырған күннің өзінде ауыл шаруашылық техникасын президент айтқан мөлшерде жаңарта алмайтынын байқаймыз. Дегенмен ушыққан жағдайды реттеуге шетелден импортталатын техника көмектесе алады. Осы тұста келесі бір мәселе туындайды: шетелдік техниканы қазақстандық фермерлердің қалтасы көтере алмауы мүмкін. Өйткені оларға салынатын утиль алым, кедендік салық, қосымша құн салығы тауардың бағасына айтарлықтай әсер етеді. Яғни отандық фермерлер техниканы қолжетімді бағаға сатып ала алуы үшін утиль алым, баж салығы, қосымша құн салығынан бас тарту немесе жеңілдіктер жасалуы қажет. Одан бөлек, фермерлерге жеңілдікпен несие беру мен субсидиялау көлемін арттыру да техниканы жаңалауға жақсы мотивация бере алады.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың бір ай бұрынғы импорттық техникаға субсидияны 25 пайыздан 15 пайызға дейін төмендету жайлы тапсырмасына назар аударсақ, әзірше жұмыстар теріс бағытта кетіп бара жатқанын байқаймыз.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение