Мәзір

Ауыл шаруашылығын дамытумен АШМ жалғыз айналыспауы керек

04.03.2024
Ауыл шаруашылығын дамытумен АШМ жалғыз айналыспауы керек

Кейде мемлекеттік органдардың фермерлерге қоятын талабы бір-біріне қайшы келіп жатады. Бұл ауыл шаруашылығының дамуын тежейді. Министрліктің кеңейтілген алқа отырысында «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Ербол Есенеев осы мәселені көтерді, деп хабарлайды World of NAN.

Оның айтуынша, бір министрліктің талабы екінші министрліктің талабына қайшы және кейбір мәселелер осының әсерінен қалыптасып отыр. Ол ауыл шаруашылығын дамытуды Сауда, Өнеркәсіп және Экология министрліктері де ойлауы керек деп есептейді.

«Неге ауыл шаруашылығын дамытуды тек Ауыл шаруашылығы министрлігі ойлауға тиіс? Жұмыла көтерген жүк жеңіл деген. Мысалы, биыл Қаржы министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде ҚҚС қайтаруды қиындатты. Салдарынан өңдеушілердің жартысы ҚҚС қайтара алмады. Сөйте тұра Ауыл шаруашылығы министрлігіне инвестициялық әлеуетті арттыру керегін айтады. Сондай-ақ, Өнеркәсіп және Экология министрлігі техниканың қайта өңдеу ақысын енгізді. Салдарынан ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны төмендеді. Ал АШМ-ге техниканы 10% жаңарту керек дейді. Мұндай жағдайда бұл талапты орындау мүмкін емес. Ұлттық банк ұзақ жылдар бойы несиені қолжетімді ете алмай келеді. ЕуроОдақ елдері баяғыдан – 5%, Ресей – 15%-бен беріп жатыр. Ал Қазақстан әлі 25%-дан түсе алмай келеді. Мұндай шарттармен бизнесті дамытуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан үкімет ауыл шаруашылығын дамытуды кешенді қарауы керек,» – деді Ербол Есенеев.

Бұдан бөлек Ербол Есенеев фермерлерге қойылатын шектеулерді айтып өтті. Кейінгі үш жылда Сауда министрлігі экспортқа 15 шектеу енгізген. Министрліктің күнбағысқа қойған алымы қымбат, күнбағыстың жарты құны – 100 доллар.

«Біз кәсіпкерлермен сөйлестік. Ешкім күнбағыс еккісі келмейді. Себебі оны май зауыттарына сата алмайды, ал экспортқа шығарайын десе, алымы қымбат. Келісімшарттардың үзілуі, қойманың толып, өндірістің өрге баспауы бизнестегі басты кедергіге айналып отыр», – деді Ербол Есенеев.

Ол геосаяси жағдайларға назар аударуға шақырып, бидай экспортына қауіп төніп тұрғанын түсіндірді. «Біз ТОП-10 бидай өндірушілердің қатарындамыз. Бірақ геосаяси жағдайды да ескеруіміз керек. Биыл Ресей шамамен 100 млн тонна бидай өндіреді. Түркіменстан арқылы Ауғанстанға бидайын жеткізеді. Порттар салып жатыр. Біз 8-9 млн тонна өнімімізбен ол қарқынға ілесе аламыз ба?!» – деді спикер.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии