Мәзір

«Бағаны өсірмей, фермерлердің обалына қалдық»

17.06.2022
«Бағаны өсірмей, фермерлердің обалына қалдық»

Жетісу облысында Қазақстан Ангус республикалық палатасы ұйымдастыруымен «Lepsi 2022» республикалық мал шаруашылығы көрмесі өтуде. Бүгін – көрменің алғашқы күні. Іс-шара Алакөл ауданының Үшарал қаласында халықаралық конференциядан басталды, деп хабарлайды World of NAN.

Конференцияға АҚШ, Канада, Ресей, Ұлыбритания, Чехия, Румыния, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстаннан арнайы келген мамандар қатысуда.

Іс-шара шымылдығын пікір алмасу сессиялары ашты. Жиналған мамандар мен қонақтар еліміздегі етті мал шаруашылығының бүгінгі ахуалын, саланы дамыту жолдарын талқылап, мал басын асылдандыру, экспорттық әлеуетті арттыру тақырыбында ой бөлісті.

Жиынға қатысушылар әсіресе экспорт мәселесін кеңінен қозғады. Елімізге танымал мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар биліктің экспортты қолдан шектеуіне қатысты наразылықтарын ашық білдірді. Фермерлердің сөзінше, экспортты шектеу үкімет ойлағандай бағаны ұзақ уақыт тежеп тұруға мүмкіндік бермейді. Керісінше, шаруалардың қалтасын қағып, табысын көбейтуге кері әсер етеді екен.

Алыс және жақын шет елдерден келген қонақтар да мал шаруашылығын дамыту үшін экспортты дұрыс жолға қою керек дегенді алға тартты. Мәселен, Чехиядағы етті мал шаруашылығы Қауымдастығының атқарушы директоры Камил Малаттың ақпаратынша, 600 мың бас малы, 10 млн халқы бар Чехия билігі өзге мемлекеттерге мал сатып, пайда табуды қолдайды. Ал 8 млн мал басы, 18 млн халқы бар Қазақстанның экспортты шектеуі сала маманы үшін мүлдем түсініксіз.

«Европаның кішкентай ғана ғана мемлекеті – Чехия, 600 мың ғана ірі қарасы бар. Бірақ соған қарамастан «етсіз қаламыз, малымызды басқа елге алып кетеді» деп ойламай, алыс жатқан мына Қазақстанға малын сатып, ұсынып отыр, бізді ынталандырып, презентация жасап. Бізде керісінше, осынша жерде 8 млн малымыз бар, «малсыз қаламыз, еттің бағасы өседі» деп, экспортты шектеп, бағаны қолдан тежеп отырмыз. Міне, үлкен айырмашылық. Бүгін тек фермерлер ғана емес, жиналған Парламент депутаттарының да, облыс әкімдігінің, министрліктің өкілдерінің де көздері жетті деп ойлаймын», – дейді Асылжан Мамытбеков, Қазақстанның Ет Одағы төрағасы.

Пікірталасқа қатысушылар бірауыздан экспортсыз ет шаруашылығы салаға жұмсалатын шығындарды ақтамайды және әрі дамымайды дегенге тоқталды. 24/7 мал соңында жүретін шаруалардың еңбегі әділ бағаланып, табысы мол болуы керек дейді шаруалар.

Ет бағасына келсек, сала мамандарының сөзінше, соңғы 4 жылда АҚШ, Австралияда ет бағасы 1,5 есе өскен. Біздің елде болса, жем-шөп, жанар-жағар май екі есе қымбаттап, фермердің шығыны күн санап өсіп жатқанына қарамастан, баға қолдан тежеліп отыр.

«Бағаны өсірмейміз деп фермерлердің обалына қалып отырмыз. Ет бағасы өспесін десек, нарықтағы ұсынысты арттыру керек. Ал ол ұсыныс шаруашылық фермерге тиімді болғанда ғана артады. Қысқа мерзімде баға тұрақтануы мүмкін, бірақ кейін бұдан да көп өсіп кетеді», – деген пікірде А.Мамытбеков.

P.S. Көлемді іс-шара өңірдегі беткеұстар ет шаруашылықтарын аралаумен жалғасты. Алдағы күндері асылтұқымды ірі қара мал арасында байқау, аламан бәйге және тағы басқа тартысты іс-шаралар өтпек.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии