Мәзір

Билл Гейтс ауадан сары май алатын стартапты инвестициялады

15.07.2024
Билл Гейтс ауадан сары май алатын стартапты инвестициялады

Калифорниялық Savor компаниясы көмірқышқыл мен сутегі газдарынан сары май шығарады. Спредтің дәмі мен түрі кәдімгі сары майға ұқсайды, ал өндіру әдісі қоршаған ортаға кері әсерін тигізбейді. Миллардер Билл Гейтс стартапқа қолдау көрсетті. Бұл жөнінде World of NAN порталы Inc. журналына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Инновациялық өндіріс ауадан көмірқышқыл газын және судан сутегін бөліп алып, оны қыздыру мен тотықтыру арқылы май қышқылдарын бөліп алатын термохимялық процеске негізделген. Майлы спредті шығару үшін көмірқышқыл газы, жылу, сутегі мен оттегі ғана пайдаланылады.

Билл Гейтс мұндай стартаптың басты айырмашылығы – өндірістің қарапайымдылығы мен масштабтау мүмкіндігі дейді. Ол тұтынушылар әдеттегі майдан синтетикалық майға оңайлықпен ауыса қоймайтынын түсінеді, бірақ алдағы уақытта жасанды сары майдың болашағы жарқын болуы да мүмкін. Миллиардер өзінің венчурлық компаниясы Breakthrough Energy Ventures (BEV)  сайтындағы блогында неге Savor компаниясына инвестиция салғанын былай түсіндірді:

«Өндіріс процесі парниктік газдарды шығармайды, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануды қажет етпейді және дәстүрлі ауыл шаруашылығына қажет судың мыңнан бір бөлігін ғана пайдаланады. Ең бастысы, бұл май шынымен дәмді әрі шынайы сары майға қатты ұқсайды, себебі екеуінің химиялық құрамы шынымен де бірдей».

Ірі қара мал ауыл шаруашылығындағы парниктік газдардың ең үлкен көзі болып есептеледі. Сиырлар жаһандық парниктік газдардың шамамен 14,5 пайызын шығарады. Сондықтан табиғи сары май экологиялық тұрғыдан тиімсіз. Оған тағы бір балама – пальма майы. Бірақ пальма майының өндірісі де жиі сынға ұшырайды. Экологтар пальма майын өндіру барысында жабайы ормандар оталып, табиғаттағы биоәралуандыққа нұқсан келетінін айтады.

Бұл жағдай Savor компаниясының стартапына жақсы мүмкіндік сыйлап отыр. Қазіргі сәтте стартап 33 миллион доллардан астам қаржы тартып үлгерген. Болашақта жас компания ұқсас технологияны қолдана отырып, сүт, балмұздақ, ірімшік, ет және тропикалық майлар өндірісін іске қосуды жоспарлап жүр.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии