Көктемгі су тасқыны кезінде Батыс Қазақстан облысындағы Сергей Исаев атындағы эксперименталдық коллекциялық тәлімбақ суға кетті. Бірегей алма бағын сақтап қалу мәселесі ғалымдар мен жанашыр адамдарды алаңдатып отыр. Бұл туралы БҚО кәсіпкерлер палатасында өткен жиында айтылды, деп хабарлайды World of NAN.
Бақтағы жеміс ағаштарын бағбан Қайрат Кәрімов өсіріп келеді. БҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Мұрат Жәкібаевтың айтуынша, ол бақты өсіру үшін қаржы бөліп, қыруар еңбек етуден бөлек, он жылдай уақыт бойы ғылыми жұмыстармен айналысқан.
Мичурин ауылдық округі аумағында, Шаған өзені жағасындағы 7,6 гектар бақта алманың 200 сорты, 80 түрлі алма телтүбірі (подвой), жүзімнің 200 сорты, сондай-ақ қылқан жапырақты, декоративтік ағаштар мен бұталар өсірілген. Қайрат Кәрімовтің айтуынша, аталмыш бақта жеміс ағаштарының тектік қоры жинақталған.
«Біз жылдар бойы сорттар мен телтүбірлерді зерттей отырып, олардың қалай өркен жаятынын зерделедік. Мұндай ғылыми жұмыстар тек Батыс Қазақстан ғана емес, климат жағдайлары қатал болып келетін басқа да өңірлерде бақтарды қалпына келтіру мен дамыту үшін керек. Мұның мемлекет үшін де стратегиялық маңызы бар дер едім. Егер біздегі кейбір сорттар жойылатын болса, біржола әлемде құрып кетеді. Сондықтан мұны тектік (генетикалық) бақ деп бағалауды өтінемін. Алдын ала мәлімет бойынша бақ түгелдей суға кеткендіктен, 80 пайызы жойылды деуге болады. Көптеген теректердің тамырына зақым келді. Мұны қалпына келтіру үшін бүршік арқылы өсіруге болады», - дейді Қ.Кәрімов.
Ол үмітін үзбей, кейбір ағашты қазірдің өзінде будандастырып қойған. Кәсіпкер алдағы уақытта су баспайтын басқа да жерден қосымша бақ өсіргісі келеді. Оның айтуынша, Владивостоктан Еуропадағы ғалымдарға дейін хабарласып, қолұшын созғысы келіп отыр. Ол осындай қолдау мемлекет тарапынан да көрсетілгенін қалайды.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение