Темір жол арқылы жүк тасымалдау саласындағы проблемалар отандық кәсіпкерлер арасында өзекті болып тұр. Бұл мәселенің шешімі әлі күнге дейін табылмай келеді. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин теміржол арқылы жүк тасымалдау саласында қосарланған алымдардың заңсыздығына қатысты дәлелдер келтірді. Бұл туралы World of NAN порталы «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Қазіргі кезде жүк жөнелтушілер мен жылжымалы құрам операторларына қосарланған «айыппұл» салынып жүр: біріншіден, магистраль және станция жолдарында вагондардың тұруына, осы жолдары пайдаланғаны үшін тасымалдаушыға төлем өтеу, екіншіден, жүк сақтау үшін төлем белгіленген.
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС ұлттық жүк тасымалдаушы вагондардың тоқтап қалуының барлық жағдайында, тоқтап қалу себептері мен орнына қарамастан, жүктерді сақтағаны үшін қосымша алым салады. Алайда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы бұйрығымен бекітілген жүктерді темір жол көлігімен тасымалдау қағидаларында тасымалдаушы тарапынан осы алымды өндіріп алу жағдайларының толық тізбесі қарастырылған.
Осы қағидаларға сәйкес жүкті сақтағаны үшін алым алу үш жағдайда ғана қолданылады. Алайда осы алымды жүк тиелмейтін және түсірілмейтін бос вагондарға, сондай-ақ станциялық жолдарда тұрып қалмайтын вагон немесе контейнерлердегі жүктерге есептеу қағидаларда көзделген шектеуді бұзады.
Бұдан басқа, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ тарапынан жүкті жеткізу мерзімдерін бұзу жағдайларының жиілеуі байқалады. Осы жайт жүк алушыға осы вагондарды жедел қабылдауға уақыт қалдырмай, межелі станцияға кідіріспен келетін жағдайға әкеледі. Нәтижесінде жүк алушылар үшін қаржылық жүктеме туғызатын алымдар екі есе есептелінеді.
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Коммерциялық жұмыс департаментінің бас менеджері Саламат Абжалиев тасымалдаушы компанияның алымы кідіріс жүк алушының себебінен орын алған жағдайда ғана қолданылатынына назар аударды.
«Бұл ретте тасымалдау келісімшарты біз оны қабылдау-тапсыру құжаттары бойынша тапсырған кезде орындалды деп саналады. Бірақ жүк 7 тәулік бойы алынбаса, не істеуіміз керек?», – деп сұрады спикер.
Алайда «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амринның айтуынша, тұрып қалған вагон үшін алым салуға басқа да себептер бар.
«Мысалы, жүк алушының кірме жолы 20 вагонға шақталған. Ол «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-қа өз жоспарына сәйкес мерзім белгілейді. Мысалы, айдың 1 жұлдызына 20 вагон жеткізу және 30 жұлдызына қарай тағы 20 вагон жеткізу. Бірақ, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ белгіленген мерзімді сақтамай, аралығы 5-10 күнде кірме жолға 40 вагонды бірақ жеткізіп береді. Әрине, жүк алушы бұл көлемді сыйдыра алмай қалады. Соның салдарынан оған айыппұл салынады. Осы мәселеге де жіті назар аударуды сұраймыз», – деді Мұрат Амрин.
ҚТЖ-ның жұмысындағы проблемаларға бүгін премьер-министр Әлихан Смайылов та назар аударды. Ол Көлік, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, Шекара қызметі, «Қазақстан темір жолы» және «Самұрық-Қазына» қорына жыл соңына дейін жүктерді рәсімдеуді оңайлату мәселесін пысықтауды тапсырды. Оның тапсырмасына сәйкес, теміржол жүктерін ресімдеу мен қарау мерзімін екі есеге дейін қысқарту қажет.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение