БҰҰ-ның қарамағындағы Азық-түлік және Ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО) алдағы 2024 жылды Халықаралық Түйе жылы деп жариялады. Осылайша ұйым түйе шаруашылығының әлеуетіне назар аударып, оған жасалатын инвестицияларды арттырғысы келеді, деп хабарлайды World of NAN.
«2024 жылғы Халықаралық Түйе жылының мақсаты – түйе тұқымының пайдаланылмаған әлеуеті туралы хабардар ету және түйе шаруашылығына инвестицияны, зерттеулерді арттыруға, әлеуетті дамытуға және инновациялық әдістер мен технологияларды пайдалануға шақыру», - деп атап өтті ұйым.
ФАО-ның хабарлауынша, түйе тұқымдастар 90-нан астам мемлекеттегі қолайсыз жағдайда тұратын миллиондаған үй шаруашылықтарының, әсіресе байырғы халықтар мен жергілікті қауымдастықтың негізгі күнкөріс көзі болып саналады. Бұл жануар азық-түлік қауіпсіздігіне, тамақтануға және экономикалық өсуге үлес қосады. Сонымен қатар, дүние жүзіндегі көптеген қауымдастық үшін үлкен мәдени және әлеуметтік маңызы бар. Ұйымның мәлімдемесінде түйе шаруашылығы өзгеріп жатқан климат шарттарында да тиімді болатыны айтылған.
«Тіпті төтенше климаттық жағдайда да олар жүн және құнарлы азық-түлік өнімдерін өндіруді жалғастырып келеді. Халықаралық Түйе жылы климаттың өзгеруіне, әсіресе таулы, құрғақ және жартылай құрғақ аймақтарда төзімділік қалыптастырудағы түйе тұқымдастардың рөлі туралы айтуға бірегей мүмкіндік беретіні сөзсіз», – дейді ұйым.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл 1 шілдеде елімізде 282,3 мың түйе болған, бұл бір жыл бұрынғыдан 4,4% көп. Ал energyprom.kz сайтының жазуынша, 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында түйе және түйе тұқымдас басқа жануарларды өсіруде негізгі капиталға инвестиция 78,4 млн теңгені құрады, бұл былтырғы көрсеткіштен 33,5%-ға аз. Дегенмен сарапшылар түйе сүтінен көптеген пайдалы өнім алуға болатынын алға тартады. Мысалы, жекелеген шағын кәсіпкерліктердің түйе сүтінен жасаған сабын, кремдері жоғары сұранысқа ие.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение