Мәзір

Былтыр ауыл шаруашылығына небәрі 39,9 млн доллар шетелдік инвестиция келді

19.01.2024
Былтыр ауыл шаруашылығына небәрі 39,9 млн доллар шетелдік инвестиция келді

Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша республиканың ауыл шаруашылығына тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 39,9 миллион долларға жеткен. Мұндай мәліметті ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков айтты, деп хабарлайды World of NAN.

Ұлттық Банктің дерегі бойынша, өткен жылы ауыл шаруашылығына тартылған тікелей шетелдік инвестицияның көлемі артқан. Мысалы, 2022 жылы ауыл, орман және балық шаруашылығына жалпы көлемі 32,5 млн доллар шетелдік тікелей инвестиция тартылған (бір жыл ішіндегі өсім 7,4 млн доллар). Дегенмен экономиканың басқа салаларына тартылған қаражаттың көлемімен салыстырар болсақ, ауыл шаруашылығына келген инвестицияның көлемі тым аз екенін байқаймыз. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанға жалпы көлемі 28 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылыпты. Осының ішіндегі ауыл шаруашылығына келгені теңіздегі тамшы судай ғана.

Қазақстанда 2023 жылы 444 млрд теңгеге шетелдік және жергілікті инвесторлардың қатысуымен ауыл шаруашылығы саласында жалпы саны 322 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған еді. Мұны қазан айында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр айтқан болатын. Алайда жыл соңына қарай Үкімет берген есепте Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде 164,5 млрд теңгелік 207 инвестициялық жоба ғана іске асырылғаны жазылған. Үкімет хабарламасында мұндай жетістікке мемлекеттің қолдау саясатының арқасында қол жеткізілгенін айтты.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии