Кеше Парламент отырысында Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, отандық техниканың бағасы тым қымбат екенін айтты. Ол отандық ауыл шаруашылық техника өндірушілеріне көптеген жеңілдік берілгені, алым-салықтан босатылғаны, соған қарамастан техника бағасы арзандамай тұрғаны туралы сөз қозғады, деп хабарлайды World of NAN.
«Отандық ауыл шаруашылық техникаларын құрастыру өндірісіне ел бюджетінен орасан зор қаржы бөлініп жатса да, ол техникалардың бағасы өте қымбат. Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, ауыл шаруашылық техникаларын құрастыру өндірісіне соңғы бес жылда 123 млрд. 573 млн. теңгеге мемлекеттің салықтық женілдіктері жасалған. Мысалы, 2018 жылы КТС (корпоративтік табыс салығы) және ҚҚС (қосымша құн салығы) төлеуден 9 компания 3 млрд 937 млн теңге, 2019 жылы 11 құрастыру өндірісі 9 млрд 655 млн теңге, 2020 жылы 13 компания 20 млрд 661 млн теңге, 2021 жылы 43 млрд 841 млн теңге, 2022 жылы 12 компания 45 млрд 478 млн теңгеге босатылған», - деді депутат.
Ол отандық техника шығарушылар салықтан бостылып қана қоймай, мемлекет тарапынан қосымша қаржылай қолдауға ие болып жатқанын да айтып өтті. Депутаттың сөзінше, 2022 жылы отандық техника өндірушілерге кәдеге жарату алымынан (утильсбордан) түскен қаражаттан 43 млрд теңге берілген.
«Біз отандық өндірістің дамуына қарсы емеспіз, керісінше қолдаймыз. Себебі олар мыңдаған адамға жұмыс беріп отыр. Алайда, жоғарыда айтылған бюджеттік шығындарды 1 жұмыс орнына шақсақ, әр орынға айына 1 млн. 376 мың теңге жұмсалады екен. Мұндай өзін өзі ақтамайтын шығын бізге қаншалықты қажет? Отандық техника өндірушілер кедендік салымнан, қосылған құн салығынан, утилизациялық алымнан босатылған. Бұған қоса оларға индустриалық аймақтардағы қойма мен өндірістік нысаналар, қажетті инфрақұрылымға (газ, жарық, су, жол) қосылу тегін. Мемлекет тарапынан жасалған осыншама қолдауға қарамастан Қазақстанда жиналған ресейлік және беларусьтік техника бүгінде 2 еседен астам қымбаттаған», - дейді депутат.
Ол ұсынған деректер бойынша, Қазақстанда құрастырылған ауыл шаруашылық техникаларының бағкасы 2019 жылдан бері екі есеге қымбаттапты. «Біз ауыл шаруашылығы саласында Орталық Азияда жетекші мемлекеттердің біріне айналуымыз керек дейміз. Мынадай көкейкесті проблемалар алдымызда тұрғанда, қалай дамыған аграрлық ел боламыз?!» – дейді Ерболат Саурықов.
Айта кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанда аналогы бар шетелден импортталатын ауыл шаруашылығына субсидияны 25 пайыздан 15 пайызға дейін төмендетуді тапсырған болатын. Бұл шешім де отандық ауыл шаруашылық техникасын өндірушілерге жасалған қолдау болып есептеледі.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение