Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұрлан Әуесбаев Азық-түлік Корпорациясын сынға алып, сатып алатын астық сапасына қоятын талаптардың негізділігіне күмән келтірді, деп хабарлайды World of NAN.
Ол үкіметке жолдаған депутаттық сауалында Азық-түлік Корпорациясының өнімді сатып алу параметрлеріндегі қисынға келмейтін талаптарды айтты.
Оның сөзінше, Азық-түлік Корпорациясы барлық уәкілетті элеваторларға мониторинг жүргізіп, астықтың сапасына қатысты жағдайдың барлығын біле отырып, яғни, келіп түскен астықтың көлемі мен оның параметрлерін: дәннің сапасын, ылғалдылығын, глютен мен өнген астықтың мөлшерін біле отырып, жыл сайын 14% мөлшері болып келген дәннің ылғалдылығын биыл 12%-ға төмендеткен. Одан бөлек, астықты қабылдаған сәтте өнген астық мөлшері 17-63% аралығында болса, оны 100% жарамсыз деп көрсеткен.
"Бұл жерде сұрақ туындайды. Осы параметрлар мен көрсеткіштер қандай құқықтық актіге негізделген? Неге біз өзіміздің отандық тауар өндірушілерді, қарапайым шаруаларды қолдаудың орнына, барынша кедергі жасап отырамыз? Мысалы, осы шаруалар келесі жылы ештеңе де істей алмайды - дейді депутат.
Ол сонымен қатар мемлекеттің несиені пролонгация жасауы мен субсидия беруі де фермерлердің мәселесін шешуге қауқарсыз екенін айтты. "Шындап келгенде, ауыл шаруашылық техникаларын қалай субсидиялай бастаса, ол бірден ең қымбат бағамен сатылады. Енді басқа елдің бидайын сатып жатыр. Сонда біз өзіміздің тауар өндірушіге жағдай жасамай, басқа елдің жағдайын жасап жүреміз", - дейді депутат.
Ол Азық-түлік Корпорациясының қызметін жан-жақты тексеруді, сондай-ақ астық сатып алудың белгіленген параметрінің заңдылығы мен орындылығын тексеруді сұрады.
Бүгін Азық-Түлік Корпорациясы астықты тікелей сатып алу кезінде өнімдегі микотоксин мөлшеріне қатысты талапты алып тастайтынын хабарлады. Биыл жаздың соң мен күздің басында астық жинайтын уақытта жаңбыр тоқтаусыз жауып, бидайдың сапасы қатты нашарлаған болатын.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение