6 қазан күні отандық күнбағыс майын өндірушілердің, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің және астық трейдерлерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Тұқым өсірушілердің республикалық палатасы басшысы Фарид Әбітаев күнбағысқа салынған экспорттық баж салығын қайта өңдеуге өткізген өндірушілерге субсидия түрінде қайтаруды ұсынды. Бұл туралы World of NAN порталы kapital.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Әбітаевтың пікірінше, күнбағыс Қазақстандағы ең табысты және болашағы зор дақылдардың бірі. Климаттың өзгеруін ескерсек, бұл дақыл құрғақшылыққа төзімді болғандықтан сұранысы арта түспек. Фарид Әбітаев бүгінде 1 миллион 200 мың гектарды құрайтын күнбағыс егістігі алдағы бес жылда екі есеге ұлғаяды деп болжап отыр.
Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының басшысы Ядықар Ибрагимов 2023 жылдың 4 ақпанынан бастап елімізде май саласын дамыту және ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін күнбағыс тұқымына экспорттық баж салығы енгізілгенін еске салды. Естеріңізге сала кетейік, юаж салығының көлемі - 20%, бірақ тоннасына 100 еуродан кем емес. Ибрагимовтың айтуынша, экспорттық баж салығы арқылы елімізде күнбағыс майын өндіруді айтарлықтай арттыруға мүмкіндік болған.
Осылайша, 2022 жылғы қыркүйектен 2023 жылғы тамызға дейін тазартылмаған күнбағыс майын өндіру 417,6 мың тоннаны құрады, бұл өткен маусыммен салыстырғанда 50%-ға артық. Ал 2020/21 маусымымен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Ядықар Ибрагимов «Орталық Азиядағы күнбағыс тұқымының бірден-бір көзі – Қазақстан» деп атап көрсетті.
Ол тиісті министрлік өкілдерімен өткен кездесуде баж салығынан республикалық бюджетке 4 млрд теңгеге жуық кіріс түскені белгілі болғанын айтты.
«Бату Агро» ЖШС директоры Бауыржан Сыдықов экспорттық баж салығын енгізу компанияны комфорт-зонадан шығарып, өндіріске бет бұра бастағанын айтады. «Біздің компания дәнді дақылдарды экспорттаушылардың үздік бестігіне және майлы дақылдарды экспорттаушылардың үздік бестігіне кіреді», - деп түсіндіреді ол. Баяндамашы «Бату Агро» компаниясы Семейде 15 жұмыс орны бар зауыт ашқанын айтады.
Ал ірі астық өндіруші компания «Атамекен Агроның» басшы Кинталь Исламов АПК-Информ агенттігіне берген сұхбатында экспорттық баж салығы өндірушілерді шығынға батырып жатқанын айтты.
«Әр тоннадан біз орта есеппен $150 жоғалтамыз. Мәселен, өткен жылы «Атамекен-Агро» холдингі 70 мың тоннаға жуық күнбағыс тұқымын өндірді. Яғни, жалпы шығынымыз шамамен 10 миллион долларды құрады – нақтырақ айтсақ, бұл ақшаға 20 заманауи тұқым себу жүйесін немесе 25 комбайн сатып алуға болатын еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңартып, жаңа технологияларды енгізу қажеттігін баса айтты, бірақ мұны қалай істей аламыз?! Бізге бұл ресурстарды табуға рұқсат етілмей жатыр. Ал банктер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қаржыландыруға құлықсыз», - дейді ол.
Кинталь Исламов келесі жылы шығындарды қысқарту мақсатында «Атамекен-Агро» холдингі күнбағыс алқаптарын екі есеге қысқартатынын айтады.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение