Мәзір

Еуропа елдері қуаңшылықпен күреске 450 млн еуро сұрайды

31.05.2023
Еуропа елдері қуаңшылықпен күреске 450 млн еуро сұрайды

Еуроодақтың оңтүстігіндегі мемлекеттер Испания, Португалия, Францияға қуаңшылық көбірек зиян тигізуі мүмкін, ал Италияны құрғақшылықтан бөлек су тасқыны қаупі күтіп тұр. Балтық жағалауындағы және Скандинавия елдерінде топырақтың ылғалы азая түскен. Euronews телеарнасына сілтеме жасай отырып, бұл туралы World of NAN хабарлайды.

Оңтүстік Еуропа ыстық маусымның басталуына және ауыл шаруашылығына зиян тигізетін құрғақшылықтың күшеюіне дайындалып жатыр. Еуроодақтың ең ауыр зардап шегетін елдері одақтан қаржылай қолдау көрсетуін сұрайды. Атап айтқанда, ерекше қиын сәтте шаруаларға көмектесуге арналған «Ауыл шаруашылығы резервінен» 450 миллион еуро көлемінде қаражат бөлуін сұрап отыр. Испанияның ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және азық-түлік министрі Луис Планас Пучадес былай дейді:

«Биыл Испанияда гидрологиялық жыл басталғалы бері жауын-шашын 30%-дан астам азайғанын көріп отырмыз. Бұл жайылымдағы малды азықтандыруға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ әлі жинап бітпеген қыстық  дақылдарға, кейбір жағдайда егуге болмайтын жаздық дақылдарға да әсер етеді. Су қысымы төмендейтіндіктен, оның кері салдары суаруға да әсер етеді».

Брюссельдегі министрлер кездесуінде Португалияның Франция, Италия және Испания атынан ұсынған баяндамасы алаңдауға тұрарлық жағдайды көрсетеді. Сәуір айының соңында Еуроодақ аумағының 21,6%-ы «қуаңшылық туралы ескерту» режиміне және 3,2%-ы «дабыл қағу» жағдайына өтті.

Испания мен Португалия жаңбырдың болмауынан ең көп зардап шегеді. Балтық және Скандинавия елдерінде топырақтың ылғалдылығы әдеттегіден төмен.

Испаниядағы өткен жылдың 1 қазаны мен биылғы 25 сәуір аралығындағы жауын-шашын мөлшері орташадан 24% төмен, ал Францияның 101 департаментінің (Франциядағы аймақтық-әкімшілік бөлініс – World of NAN)  26-сы жаз соңына қарай құрғақшылық қаупіне ұшырайды. Бұл Португалияның материктік бөлігіндегі ауыл шаруашылығының 40%-дан астамының қызметіне теріс әсер етті.

Италияда құрғақшылықтан бөлек, су тасқыны – мал шаруашылығына, жүзімдіктерге, егінге, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдеріне зиянын тигізеді. Сонымен қатар,  По өзенінің ағыны азайып, бұл теңіздегі тұздың көтерілуіне себеп болғаны, осылайша суды шаруашылыққа жарамсыз етіп жатқаны айтылады.

Синоптиктердің болжауынша, биыл Қазақстанның да басым бөлігінде жаз айлары әдеттегіден ыстық әрі құрғақ болады.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии