World of NAN редакциясы Италия елшілігінің Сауданы дамыту департаменті (ICE/ITA) шақыруымен Доха қаласындағы «Made in Italy» күніне қатысты. Мұнда халықаралық EIMA көрмесінің пресс-конференциясы мен ауыл шаруашылығын механикаландыру тақырыбына арналған семинар өтті. Бұл материалда EIMA көрмесі жайлы айтамыз, ал семинардың қысқаша мазмұнын келесі жазбада жариялаймыз.
EIMA International 2024 көрмесі Италияның Болонья қаласында 6-10 қараша күндері өтеді. Ол ауыл шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын механикаландыруға арналған әлемдегі ең ірі әрі ең беделді іс-шаралардың бірі. Мұнда кәсіпкерлер, фермерлер, дистрибьюторлар, дилерлер, техниктер мен зерттеушілер бас қосып, ең озық механикалық шешімдер мен электрондық жүйелерді көріп бағалайды, B2B кездесулер өткізеді.
Көрме 1969 жылдан бері FederUnacoma итальян ауылшаруашылық машиналарын өндірушілер федерациясының ұйымдастыруымен екі жылда бір өткізіліп тұрады. Алғашында итальян өндірушілердің өнертабысына арналған алаң болғанымен, уақыт өте EIMA бүкіл әлемнің өндірушілеріне есігін ашты. FederUnacoma ұйымының вице-директоры Фабио Риччи мырза көрме жайлы шағын баяндама жасады. Оның айтуынша, EIMA-ның 2022 жылғы шығарылымы тарихтағы ең ірі шығарылым болыпты. Соңғы көрмеге әлемнің 150 елінен 327 мың қонақ келіп, бір сәтте 1570-тен астам экспонент ұсынылған.
EIMA International көрмесінің ерекшелігі неде? Неліктен бүкіл әлемнің агро өкілдері оған қызығады? Біріншіден, көрме тым ауқымды. Фабио Риччидің сөзінше, биылғы көрме өткен жылғыдан да ауқымды болмақ: көрмеге өтінім қабылдау бастала салысымен бір жарым ай ішінде әлемнің 40 мемлекетінен 425 ұйым 1370 экспонент қоюға өтініш беріп үлгеріпті.
Екіншіден, көрме тым ауқымды болғанына қарамастан, өте тиянақты жоспарланған. Мұнда қойылатын экспоненттер топырақты өңдеуден бастап егінді жинауға дейінгі барлық кезеңді қамтитын 14 түрлі өнім категориясы бойынша ұсынылады. Әр категорияға бөлек павильон берілген, яғни бүкіл көрмені араламай-ақ әркім өзіне қажет өнімдерді көре алады.
Үшіншіден, «бұл көрме жаны жоқ техникаға емес, ең алдымен тірі адамдарға арналған көрме», - дейді Фабио Риччи. Осы жерде ауыл шаруашылығы мен механизацияға қатысты саяси-экономикалық мәселелер қызу талқыланады. Биылғы көрмеде әлемнің түкпір-түкпіріндегі сарапшыларынан құралған Болон клубының отырысы өтеді екен. Жалпы алғанда, EIMA-да 150-ге тарта семинар мен шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған.
Одан бөлек, EIMA International кезінде бес түрлі бағыт бойынша арнайы бастамалар, конференциялар болады. EIMA Components – ауылшаруашылық техникасы мен бақша жабдықтарының құрамдас бөлшектеріне арналған. EIMA Green – бау-бақша шаруашылығына, EIMA Idrotech – су және суару жүйелеріне, EIMA Energy – ауыл шаруашылығындағы энергетика мәселесі, жаңартылатын энергия көздеріне арналады. Мысалы, дәл осы алаңда ауыл шаруашылық қалдықтарынан био-отын дайындауға қатысты шешімдер ұсынылады. Көрмеге екі жыл бұрын қосылған жаңа бағыт – EIMA Digital. Мұнда ауыл шаруашылығына арналған соңғы қолданбалар мен технологиялар көрсетіледі. Яғни ауыл шаруашылығы 4.0, цифрлық ауылшаруашылық, смарт фермерлік, дрондар мен роботтар туралы сөз болып отыр.
Өндірісті дамытып, өсіп жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін ең озық механикалық шешімдер мен электрондық жүйелер қажет. Ал EIMA көрмесі бізге осындай шешімдер мен жүйелерді ұсынады.
«EIMA – халықаралық іс-шара, EIMA бүкіл әлемнің игілігіне қызмет етеді», - дейді Фабио Риччи.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение