Мәзір

ФАО алдағы он жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқыны баяулайды деп болжайды

12.07.2023
ФАО алдағы он жылда ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқыны баяулайды деп болжайды

2032 жылға дейін әлемдік ауыл шаруашылық және азық-түлік өндірісі өткен онжылдықпен салыстырғанда әлдеқайда баяу өседі. Мұндай болжамдар БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) жуырдағы бірлескен баяндамасында келтірілген, деп хабарлайды World of NAN.

Жақында жарияланған құжатта өндіріс көлемінің демографиялық үрдістер себебінен баяулайтыны көрсетілген. Нақты санмен айтқанда, сарапшылар жылдық өсім 1,1% деңгейінде болады деп болжап отыр. Бұл соңғы жылдармен, оның ішінде соңғы он жылмен салыстырғанда біршама аз. Олардың есептеуі бойынша, тұтынудың жалпы көлемі тағамдық ауыл шаруашылығы өнімдері үлесінің ұлғаюы есебінен 1,3%-ға артады. Бұл көрсеткіш соншалықты нашар емес, дегенмен алдыңғы жылдарға қарағанда төменірек.

Сарапшылар өндіріс пен тұтыну көлемі инфляция, геосаяси шиеленіс (мысалы, Ресей мен Украина арасындағы немесе Таяу Шығыстағы қақтығыстар), климаттық проблемалар (жаһандық жылыну, Эль-Ниньо, т.б.), сондай-ақ тыңайтқыш пен тұқым сияқты ауыл шаруашылығына арналған басқа да материалдар бағасының өсуіне қарамастан арта түсетінін айтады. Дегенмен олар инфляциялық қысымның азық-түлік өндірісіне ғана емес, азық-түлікке деген әлемдік сұранысқа да кері әсер тигізетінін жоққа шығармайды.

Баяндамада соңғы екі жылда негізгі ауыл шаруашылық өнімдері бағасының өсуі мәселесі де көтерілген. Құжат авторлары тыңайтқышты мысалға келтіре отырып, оның 10%-ға қымбаттауы азық-түлік бағасының 2%-ға қымбаттауына апаратынын есептеді. Авторлар мұндай жағдай бәрінен бұрын кедейлерге әсер ететінін еске салады. Өйткені әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жартысынан астамын кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан адамдар өндіреді.

ФАО-ның баяндамасында 2023 жылы әлемде астық рекордтық мөлшерде жиналады деп болжам жасалған. Маусым айының қорытындысы бойынша болжам 5,9 млн тоннаға (0,2%) көтеріліп, қазіргі уақытта 2 млрд 819 млн тоннаны құрап отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1%-ға жоғары. Сарапшылар оның ішінде Қазақстанда да бидай өндірісінің өсуін күтіп отыр.

 


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии