Мәзір

ҚР фермерлеріне суару жүйелері мен жайылымдарды суару үшін субсидиялар ұсынылады

25.06.2020
ҚР фермерлеріне суару жүйелері мен жайылымдарды суару үшін субсидиялар ұсынылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес отырысы өтті.

Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдаманың іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында тұрақты және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, өңірлерде экологиялық жағдайды жақсарту және «жасыл экономиканы» дамыту жөніндегі шаралар туралы Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов, Нұр-Сұлтан қ. әкімі А. Көлгінов және Алматы қ. әкімінің бірінші орынбасары Е. Қожағапанов баяндады. Сонымен қатар БҰҰ Даму Бағдарламасының ҚР-дағы тұрақты өкілі Я. Бериш түсініктеме беріп өтті.

«Жасыл экономикаға» көшу аясында заманауи суару жүйелерін енгізуді ынталандыру мақсатында АӨК субъектілеріне инфрақұрылымды жеткізу және суару жүйелерін сатып алу шығындарының 50%-ын өтеу, несиелер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 10%-ын субсидиялау бойынша шаралар қабылданды. 2022 жылға қарай суармалы жерлердің көлемін 2 млн га дейін жеткізу жоспарланған. Бұған қоса күріш пен мақта сияқты суды көп талап ететін дақылдардың алқаптарын азайту жұмысы жалғасады.

Фермерлердің озық жылыжай технологияларын енгізуін ынталандыру мақсатында жабдықтардың тиісті жүйелерін және кешенді шешімдерді сатып алуды көздейтін арнайы инвестициялық паспорт әзірленді. Жылыжай кешендерін салу және оларды кеңейту шығындарының 30%-ын өтеумен инвестициялық субсидиялар енгізілді. Жылыжай өндірісі нарығының көлемі 2,4 есе — 90 мың тоннадан 216,9 мың тоннаға дейін, ал жылыжай шаруашылықтарының ауданы 2,1 есе — 575,9 га-дан 1236,7 га дейін ұлғайды.

Қазіргі таңда 180,1 млн га жайылым жерлерінің 106,2 млн га (59%) жері суландырылды. Жайылым жерлерін дамытуды ынталандыру үшін суландыру инфрақұрылымын құру шығындарының 80%-на дейін инвестициялық субсидиялау енгізілді. 2014-2019 жылдар кезеңінде жайылымдарды суландыру үшін 5978 құдық салынды, ал жоспарланған көрсеткіш — 3633.

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ білім беру орталықтарында және алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының базасында АӨК дамытудың барлық бағыттары, оның ішінде «жасыл» ауыл шаруашылығы қағидаттарын енгізу бойынша 25 мыңнан астам тыңдаушының қатысуымен 1400-ге жуық семинар өткізілді. 

Отырысқа қатысушылар қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, елді мекендерді газдандыру және «таза» көлікті дамыту арқылы ауаның ластануын төмендету мәселелерін қарады.

Кеңес Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының экологиялық проблемаларын кешенді түрде шешу жөніндегі жол картасының жобасын бекітті. Құжат Алматы қаласының 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО жаңғыртуды, Нұр-Сұлтан қаласының 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ға жеткізуші газ құбырларын салуды, су жылытатын және энергетикалық қазандықтарды газға ауыстыруды, ағаштарды кесуге қатысты рұқсат беру рәсімдерін күшейтуді, жасыл желектер алаңын ұлғайтуды, қоғамдық көлікті, коммуналдық қызмет көліктерін газға және электр энергиясына ауыстыруды, сондай-ақ басқа да шараларды қарастырады. 

Ақпарат көзі: primeminister.kz


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии