Мәзір

Инвестициялық субсидиялауда теңдікті сақтау қажет

15.05.2024
Инвестициялық субсидиялауда теңдікті сақтау қажет

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды субсидиялау проблемасын көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды World of NAN.

Депутат өз сауалын ауыл шаруашылығы техникасын жылына 8-10 пайыз жаңарту туралы президент тапсырмасын еске салумен бастады. Президенттің «Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді» деген сөзін дәйексөзге келтірді.

«Бізге жақында ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған Ережелермен келіспейтінін білдірген еліміздің 100-ден астам фермерлерінің ұжымдық арызы келіп түсті. Бүгінгі таңда қолданылатын қағидаларға сәйкес жергілікті техника 30%-дан, ал импорттық техника 15%-дан субсидияланады. Бұл ретте, Ауыл шаруашылығы министрлігі импорттық ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялаудың күшін жоюды және оны сатып алуға лизинг мөлшерлемесін 6-дан 15%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр», - деді Саурықов.

Оның айтуынша,15 жылдан астам уақыттан бері отандық техника шығаратын зауыттар арзандатылған несие алып, қосылған құн салығынан, корпоративті табыс салығынан, кедендік баждарды төлеуден, кәдеге жарату алымынан босатылып, облыс әкімдіктерінің қаржылай қолдауын пайдаланып келді. 2018-2022 жылдары 13 отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасаушылардан келген салық шығындары 123,6 млрд. теңгені құраған.

Ол қазақстанның аграрлық секторы үшін өнімділігі жоғары импорттық техника маңызды деп санайды. Орта және ірі шаруашылықтарға 100 бірлік қарапайым техниканың орнына 30 бірлік қуатты техниканы пайдаланған тиімдірек. Мұндай техниканы субсидиялаудың тең шарттарымен сатып алу мүмкіндігі ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға, оның өнімділігін арттыруға, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге көмектеседі.

Депутат Ресейдің жағдайын мысалға келтіре отырып, жергілікті техника өндірушілерге көбірек жағдай жасау ауыл шаруашылығын тұралатып тастайтынын ескертті.

Ерболат Саурықов премьер-министрге жолдаған сауалында ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын әр өндіріс орнына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын зерделеуді және нақты кәсіпорында 1 жұмыс орны ел бюджетіне қанша салмақ салатынына баға беруді сұрады. Сонымен қатар, «Ауыл» партиясының фракция депутаттары атынан отандық және импорттық ауыл шаруашылығы техникасын инвестициялық субсидиялауда теңдікті сақтау қажет деп есептейтінін, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға байланысты қолданыстағы лизинг мөлшерлемелерін өзгертпеу қажет деп санайтынын айтты.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии