Мәзір

Кәсібіңізді дамыта отырып, қоршаған ортаға метан шығарындыларын төмендетіңіз

03.04.2023
Кәсібіңізді дамыта отырып, қоршаған ортаға метан шығарындыларын төмендетіңіз

Дамыған мемлекеттерде климаттың өзгеруіне байланысты метан шығарындыларымен күресу өзекті мәселелердің бірі және оның көлемін азайту бойынша бағдарламалар мен іс-шаралар қарқынды түрде жүргізілуде.  Осыған орай, елімізде 2021 жылдың қараша айында өткізілген үкімет отырысында 2030 жылға дейін парниктік газ шығарындыларын азайту жоспарланғаны баяндалды.

Онда, мал шаруашылығындағы парниктік газдар шығарындыларын азайту үшін көң мен құс саңғырығын өндейтін жабдықтарға 25% инвестициялық субсидиялау төлене бастағанын және күріш, мақта сияқты суды көп қажет ететін дақылдардың алқабын азайту, сондай-ақ егіс құрылымын жақсарту үшін жұмыстар жүргізіліп жатқаны мәлімделді.

Кәсіпкерлерді, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар бар. Бағдарламаларға қатысу үшін нақты бизнес жоспарыңыз болу қажет. Ауыл шаруашылығы бағдарламалары аясында мал тұқымын асылдандыру, ет бағытында өсірілетін жануарларға субсидиялар, жануарлар азықтары сапасын арттыру, көң және басқа да органикалық қалдықтарды өңдеу, оны кәдеге жарату бойынша бизнес жоспарларды жазуға болады. Бұл бизнес жоспарлар қоршаған ортаға метан шығарындыларын төмендетуге ықпалын тигізу жолдарын қарастыруы жөн.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы қалдықтарын кәдеге жарату бойынша биогазды қондырғылар, калифорниялық жауын құрттар арқылы көңді өңдеу, су ресурстарын үнемдейтін технологияларды сатып алу немесе осы бағытқа арналған бизнес жоспарларды тапсыру арқылы қайтарымсыз гранттар немесе төмен пайызды несиелер алуға мүмкіндіктер жетерлік. Бұл технологиялар арқылы өз кәсібіңізді дамытып қана қоймай, қоршаған ортаға метан шығарындыларын төмендете аласыз. Мысалы, 2023 жылдың наурыз айынан бастап “Аграрлық несие корпорациясы” 2,5%-бен 21-35 жас аралығындағы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру жоспарлануда. Бұл жеңілдетілген несиені алу үшін міндетті түрде кепіл қойылуы қажет.

Кепілге үй, техника және басқа да алынған несиені толықтай жаба алатын затты қоя аласыз. Бұл қаржыландырылатын несие ликвидный (сіздің затыңыз тез арада сатылып, ақшаға айналуы тиіс) болуы керек. Жаңадан тіркелген немесе тіркелгеніне 5 жылдан аспаған ЖШС, ЖШҚ немесе ЖК ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес жобаға 5.000.000 теңгеге дейін, ал мал шаруашылығындағы жобаға 7.000.000 теңгеге дейін алуға мүмкіндіктері бар.

Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бизнес бастауға көптеген бағдарламалар іске асырылуда. Оның бірі – Бизнес бастау жобасы. Бизнес бастау жобасы “Еңбек” бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. “Еңбек” бағдарламасының мақсаты – жұмыссыздықты азайтып, бәсекелестік тудыру және нарықтағы бағаларды төмендету.  Жобаға жұмыссыз жүрген азаматтар қатыса алады және жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ. Жобаның ерекшелігі 2-5 миллион теңге арасында қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Берілген қаражатты қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, құстарды сатып алу үшін нақты мақсатта пайдалануға болады. Грант қаражатын жер учаскелерін сатып алуға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға жаратуға тыйым салынады. Жобаға қатысу туралы www.atameken.kz сайтынан және сол жердегі телефон байланыстары арқылы толық мәліметтерді ала аласыз.

Елімізде заманауи цифрлық технологиялар дамып келеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне су үнемдеу технологияларын енгізу, суармалы егіншілікті дамыту бойынша заманауи суару жүйелерін сатып алу құнының 50%-ға дейін инвестициялық субсидиялау қарастырылған [2]. Қазіргі уақытта субсидиялау процесі www.gosagro.kz веб-порталы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылады. Субсидияларды төлеу не төлемеу туралы шешімді ақпараттық жүйе қабылдайды және субсидияларды төлеу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Метан шығарындыларын азайту қоршаған ортаға да, мал шаруашылығына да пайдалы болады. Жоғарыда аталған технологияларға қатысты бизнес жоспарыңыз арқылы мемлекет тарапынан қаржыландыруға қол жеткізуге оңтайлы мүмкіндік.  Метан шығарындыларын барынша азайтудың негізгі факторлары су ресурстарын тиімді басқару, оның қоршаған ортаға әсер ету дәрежесін төмендетудің оңтайлы әрі үнемді шараларын қолдану және қоршаған орта сапасын арттыруды көздейтін "жасыл" технологиялар болып табылады. Сондықтан, ауыл шаруашылығын дамытуға, онымен қоса климаттың жылынуын төмендетуге үлесімізді қосайық.

Серікхан Айдарханұлы, жасыл технологиялар саласының сарапшысы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD кандидаты.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии