«KazakhExport» ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясы мен «РСК Банк» ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы «KazakhExport» компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды World of NAN.
Компанияның айтуынша, қос тарап Қазақстан Республикасынан Қырғыз Республикасына жөнелтілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді экспорттау аясында банк клиенттерін сақтандыратын болады, сондай-ақ саудалық қаржыландыру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру туралы ортақ шешімге келген.
Одан бөлек, келісім стратегиялық әріптестікті дамытуды, бірлескен бағдарламалар мен жобалардан хабар беретін семинарларды, дөңгелек үстелдерді, презентацияларды ұйымдастыруды көздейді. Сонымен қатар, сыртқы сауда қызметін жүзеге асыратын компанияларды қаржыландыру/сақтандыру және өзге де қолдау көрсету мәселесі қарастырылған.
«Бұл келісім Қырғызстандағы қазақстандық өнімді сатып алушыларға жеңілдетілген саудалық қаржыландыруға ие болуға мүмкіндік береді. Біз екіжақты ынтымақтастық аясында жиһаз жеткізу бойынша алғашқы жобаны талқыға салдық. Алдағы уақытта Қырғызстанның басқа банктері де KazakhExport бағдарламасына қызығушылық танытады деп үміттенеміз», – дейді KazakhExport Басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Мұқажанов.
Өз кезегінде «РСК Банк» ААҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақылбек Тұрдалиев ынтымақтастықтың мүмкіндігі кең екенін жеткізді. «РСК Банкі - KazakhExport компаниясымен байланыс орнатқан Қырғызстанның алғашқы банкі. Бұл ынтымақтастық қазақстандық өнімді Қырғызстанға саудалық қаржыландыру арқылы жеткізуді жоспарлап отырған кәсіпкерлерге, яғни экспорттаушылар мен импорттаушылар үшін тамаша мүмкіндік екені анық», – деді Тұрдалиев.
Қол қою рәсімі қазақ-қырғыз үкіметаралық кеңесі мен Қазақстан мен Қырғызстанның өңіраралық ынтымақтастық форумы алаңында өтті. Осы кездесулерде Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев қырғыз кәсіпкерлерін Қазақстан аумағында өндіріс орындарын ашуға шақырған болатын.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение