Биыл маусым айынан бері агроөнеркәсіп кешенінде ерікті сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастады. АӨК сақтандыру саласының операторы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры («ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы).
Сақтандыру шартын жасаған фермерлердің сақтандыру сыйақысының 50%-ын мемлекет субсидиялайды. Осылайша, сақтандыру құны төмендейді.
Арнайы құрылған сараптама кеңесі сақтандыру сыйақыларының бір бөлігі субсидияланатын сақтандыру өнімдерін бекітті.
Бұл топырақ ылғалы тапшылығының индексін сақтандыру (3-кезең); топырақ ылғалы тапшылығының индексін сақтандыру (2-кезең); топырақтағы ылғалдың артық болуына байланысты сақтандыру.
2020-жылдың 15-маусымындағы дерек бойынша, жасалған шарттарға сәйкес 57 фермер мемлекеттік қолдауға ие болды. Олардың жалпы сомасы 82 миллион теңге болатын сақтандыру сыйақыларының бір бөлігі субсидияланды.
Сақтандыру шартын жасасудан бастап сақтандыру жағдайын тіркеуге дейінгі процесс Qoldau.kz платформасындағы «Agroinsurance» ақпараттық сервисінде жүзеге асырылады.
Мониторинг механизмі адами факторды болдырмайды, қарапайым және объективті. Хабарламалар жеке кабинетке келеді, бәрі автоматты режимде атқарылады. Тіпті сақтандыру жағдайы орын алған кезде комиссияларды жинаудың және сақтандыру комиссарын егіс алқабына апарудың қажеті жоқ.
Мониторинг қалай жүргізіледі? Топырақта ылғалының көлеміне байланысты спутниктен жіберілетін микротолқындарды көрсететін қасиет болады. Ылғалды және құрғақ топырақ микротолқындардың түрлі мөлшерін көрсетеді. Осылайша, жүйе топырақтың жай-күйін күнделікті жазады және өнімін сақтандырған әрбір фермер бұл процесті Qoldau.kz порталындағы жеке кабинетінен көре алады.
Спутниктерден алынған деректерді көптеген Еуропа елдерінің фермерлеріне осындай қызметтерді көрсететін голландиялық Вандерсат компаниясы қабылдайды және өңдейді.
Сақтандыруды қызметтері порталда қолжетімді қазақстандық сақтандыру компаниялары жүзеге асырады. Бір сөзбен айтқанда, сақтандырудың бүкіл процесі онлайн форматта іске асырылады.
Жеке кабинетте фермер алаңды таңдайды, сақтандыру компаниясын анықтайды, сақтандыру сыйақысын төлейді, субсидиялауға өтінім береді, топырақтағы ылғалдың өлшеу процесін бақылайды, ылғал тапшылығы тіркелген болса, хабарлама алады, электронды цифрлық қолтаңба арқылы төлем туралы өтінішке қол қояды.
Сақтандыру компанияларымен жасасқан шарт аясында жауын-шашынның аздығынан, ауа температурасының жоғарылығы мен ылғалдың төмен болуы салдарынан топырақтағы ылғал тапшылығы индексі бойынша 1-кезеңнің (2020 жылғы 15 мамырдан 15 маусымға дейін) сақтандыру төлемдері жасалады.
2-кезеңде де (2020 жылдың 15 маусымынан 15 шілдесіне дейін) топырақта ылғал тапшылығы байқалса сақтандыру төлемдері жасалады.
3-кезең бойынша сақтандыру қорғанысы 15 шілде мен 15 тамыз аралығына келеді. Осы кезеңде құрғақшылық күшейе түседі деген қауіп бар.
Әрине, бұл жерде басты мақсат сақтандыру төлемдері емес. Бірақ, өсімдік шаруашылығымен айналысатын фермерлердің тәуекелдерді басқарудағы тиімді жолы осы.
Ақпарат көзі: www.gov.kz
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение