Ауыл шаруашылық вице-министрі Амангалий Бердалин еліміздің көптеген өңірінде жем-шөп дайындауға қолайлы ауа райы болып тұрғанын айтты. Дегенмен вице-министрдің бұл сөзімен батыс қазақстандық фермерлер келіспес еді. Көктемдегі аяз көкті буып тастап, кейін киіктер шабындықты таптап кеткен. Көктемде дизельдің литрі қожалықтарға 211 теңгеден жетсе, қазір 260 теңгеге өскен. Бұл туралы World of NAN порталы «Хабар 24» арнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
БҚО-дағы Ұзынкөл ауылының тұрғыны Замыр Шынықаев былтыр шабылмаған жерлердің шөбін шауып жатқанын айтады. Өйткені былтырғы шабындықта биыл шөп жоқ.
Облыс аудандарында құрылған арнайы комиссия жұмысының алдын ала қорытындысы бойынша, киіктер облыстағы 1 млн 280 мың гектар жайылым шабындықты таптап, 5000 гектар астық алқабын отап кетіпті. Комиссияның есептеуінше, жалпы саны 1200 шаруа қожалығы зардап шеккен.
Жәнібек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асылбек Қамашевтың айтуынша, аудандағы сегіз ауылдық округтің бесеуінде жағдай мәз емес. «Былтырғы жылмен салыстырғанда [түсім] екі есе аз. Оған ауа райының қолайсыздығы әсер етті. Киіктен зардап шеккен ауылдық округтер де бар. Негізгі зардап шеккен – Жақсыбай, Тау, Борсы. Мына Күйінкөл, Ұзынкөл киіктердің миграциясы жолында», - дейді ол.
Шөп шабу үшін үкіметтен бөлінетін арзандатылған дизельді отын биыл шаруаларға әлі жетпеген. Өйткені байқау жақында ғана өтіп, жеңімпаз енді анықталыпты.
Облыстағы шаруа қожалықтары басшыларының бірі Нұрлыбай Жолдыбаев көктемгі жұмыстарға дизельді отын әр килограмына 222 теңгеден, литріне шаққанда 211-215 теңге арасында болғанын айтады. Ал қазіргі уақытта оның құны әр килограмына 284 теңгеден шығып тұр. Ал литрге шаққанда – 269 теңге. «Бұл сәл тиімсіз болып тұр. Тиімсіздігі бір бөлек, ол уақытынан кешіктіріліп беріліп жатыр. Бұған біз наразылық білдіріп, бұл проблеманың бәрі жоғары жаққа – Энергетика министрлігіне жолданатын болды», - дейді фермер.
БҚО Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин мал азығын дайындау бойынша өнімнің өткен жылдан төмен екенін айтады. Былтыр облыс бойынша орташа 5-6 центнерден алса, қазір 3-4 центнерден алып жатыр.
Батыс Қазақстан облысы еліміздегі ең малды аймақтың бірі. Өңірде 950 мыңдай ірі қара, 2 миллионға жуық қой-ешкі, 350 мыңдай жылқы бар. Облыстағы төрт түліктің 65 пайызы киіктер шоғырланған Жәнібек, Бөкей Ордасы, Казтал, Жаңақала, Ақжайық аудандарына тиесілі. «Хабар 24» арнасы айтып өткендей, киік проблемасы уақытылы шешілмесе, бұл аудандардың фермерлеріне мал өсіру оңайға тимейін деп тұр.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение