Halyk Finance сарапшылары Қазақстандағы экспортты шектеу саясатын қарастыра келе осындай қорытынды шығарды. Олар ауыл шаруашылығы сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болатын өнімдерге ғана мамандануы керек деп санайды. Бұл жөнінде World of NAN талдау орталығының есебіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сыртқы сауда саясаты жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жуырда өткен отырысында отандық жүгері өндірісі мен оны өткізуді қолдау шаралары талқыланған болатын. Мұнда қазақстандық жүгеріні жаңа нарықтарға – Қытай мен Иранға жеткізу мүмкіндігі қаралған еді. Талдау орталығының сарапшылары мемлекет шешіміне пікір білдіре отырып, экспортты шектеу шаралары шаруашылықтың дамуына тосқауыл болғанын айтады.
«Біздің ойымызша, саланы одан әрі дамыту үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын қолдау мемлекеттің бірінші кезектегі міндетіне айналуы тиіс. ...Қазіргі кезеңде Қазақстанның ауыл шаруашылығының тиімділігі көп жағдайда елдің жаһандық өндіру-тұтыну тізбегіне, әсіресе экспортты кеңейту тұрғысынан интеграциялану мүмкіндігіне байланысты болып отыр. Бұл жерде үкіметтің маңызды міндеттерінің бірі, біздің ойымызша, импортты алмастыру мен отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қорғау бойынша тиімсіз шараларды ауыл шаруашылығы экспортын кеңейтуге қарай қайта бағыттау», - дейді сарапшылар.
Олардың пікірінше, ең бастысы – Қазақстанның азық-түлік экспортының көлемі импорт көлемінен айтарлықтай асып кетуін қамтамасыз ету. Экспорт Қазақстан сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті бола алатын өнімге ғана мамандануы керек.
Осыған байланысты жүгеріні өндіру және экспорттау Қазақстан үшін біршама перспективалы бағыт болып саналады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы елде 1,2 млн тоннаға жуық жүгері дәні бастырылып, орташа өнімділігі 65,8 ц/га болды. Бұл ретте 2023 жылдың 11 айында бар болғаны 74 мың тонна жүгері экспортталған. Қазақстан осы дақылдың шығымдылығы бойынша дамыған елдерден артта қалса да, негізгі ауыл шаруашылығы өндірушілері – Ресей немесе Украина сияқты көршілес елдердің көрсеткіштерінен асып түседі.
Түрлі мемлекеттегі жүгері астығының өнімділігі, ц/га
«Осыған байланысты, сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Қытай мен Иран нарығына отандық жүгеріні жеткізуге жәрдемдесу жөніндегі соңғы ұсыныстары Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытуға маңызды қадам деп санаймыз. Біздің ойымызша, Қазақстан әлемдік нарықта бәсекеге түсе алатын басқа ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты осындай шараларды қабылдауы қажет. Бұл жергілікті тауар өндірушілерге кірістерін арттыруға, экспортты әртараптандыруға, сондай-ақ жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін сенімді жеткізуші ретінде Қазақстанның халықаралық имиджін жақсартуға мүмкіндік береді», - дейді сарапшылар.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение