Мемлекеттің уақытылы шешім қабылдамауы фермерлерді де, жанармай операторларын да тығырыққа тіреп отыр. Қостанай облысындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен агроөнеркәсіптік кешен бойынша салалық кеңес отырысында жеңілдетілген дизель отынының құнына қатысты мәселе көтерілді. Бұл туралы World of NAN порталы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Шілде айында, егін жинау науқаны қарсаңында жанармай бағасы литріне 283 теңге болып белгіленген, ал тамыз айының ортасында ол 250 теңгеге дейін төмендетілген еді. Осыған байланысты қазір аймақтағы фермерлер де, жанармай операторлары да қиын жағдайға тап болған.
Фермерлердің біразы дизель отынын 283 теңгеден сатып алған. Ал қазір жаңадан келген жанармай литріне 250 теңгеден сатылып жатыр. Егін оруға дайындық жұмысын ертерек бастаған фермерлер дизель отынын қымбат бағаға сатып алып, осының салдарынан диқандар тең емес жағдайға тап болды. Өйткені ауыл шаруашылық өнімінің құнына дизель бағасы әсер етеді. Осыған қарамастан өтемақы мәселесі шешілмей жатыр.
Ал операторлар жанармайды 283 теңгеге сатып алғанын баса айтып, қымбатқа алған дизель отынын арзан бағаға – 250 теңгеге сата алмаймыз дейді.
Әзірге мұндай бағадағы жанармай нарықта әлі жоқ. Операторлар тамыз айындағы жанармай көлемінің ақысын енді ғана төледі, олар аймаққа кемінде 10 күн ішінде келіп жетеді.
Жанармай жеткізушілері егін жинау науқанына кедергі келтірмес үшін өзіне бөлінген көлемнің жартысын шілде айындағы бағамен сатып алғанын алға тартады. Оны арзанға сата алмайды.
Кеңес мүшелері мәселені Энергетика министрлігіне жеткізіп, операторлардың шығынын қосымша отын көлемімен өтеуді ұсынды. Ал дизельді отынды қымбатқа сатып алған фермерлердің бәскелестікке қалай төтеп беретіні әзірге белгісіз.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение