Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевің айтуынша, сауда орындары сөрелеріндегі тауарлардың 70 пайызы - отандық өнім. Ол мұндай деректі кеше Мәжілісте өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап ретінде айтты. Бұл жөнінде World of NAN порталы «ҚазАқпарат» агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Журналистер министрден Қазақстандағы дүкен сөрелерінде Беларусь және Ресей тауарларының қаншалықты көбейгені туралы сұраған болатын. Өз кезегінде А. Шаққалиев осы аптаның басында ведомство бұл мәселеге талдау жасағанын айтты.
«Тауар сатылатын желілерге тоқталсақ, сауда орындары сөрелерінде 60-70 пайызға дейін отандық өнім бар. Кей тұрғындар “дүкендерде Беларусьтің сүт және шұжық өнімдері қаптап кетті“ деп айтып жатады. Мұндай жағдай рас болса, оның нақты себебін қарау керек. Яғни, осы өнімнің сапасы жоғары немесе бағасы төмен болуы мүмкін. Егер шетелдік өнімнің құны тым төмен болса, сондай-ақ онда таңбалау мен құрамы жағынан, қауіпсіздік тұрғысынан сәйкес келмейтін деректер анықталса, біз тиісті бақылау жасаймыз», — деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, дүкен сөрелерінде көршілес елдердің өнімдері шамадан тыс көбейіп кетті деген мәлімет келіп түспеген. «Жылдың басында тиісті штаб құрылған. Онда осы салаға қатысты мәселелер егжей-тегжейлі қаралады. Біздің қауіпсіздік әрі сапа жағынан тыңғылықты тексеруге мүмкіндігіміз бар», — деді Арман Шаққалиев.
Министр сауда орындарындағы тауардың басым бөлігі отандық өнім екенін айтқанымен, қазақстандық тауар өндірушілер көршілес Ресейдің өндірушілері нарықта демпинг жасап жатқанын, әсіресе сүт, астық және құс өнімдерінің нарығына нұқсан келтіргенін жиі айтады. Жақында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға жасаған сапарында Ресей Федерациясы еліміздің негізгі жеткізушісі екенін баса айтқан болатын.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение