Мәзір

Ақтөбелік фермерлер ҚАҚ арқылы техниканың қымбаттығына шағымданды

09.09.2021
Ақтөбелік фермерлер ҚАҚ арқылы техниканың қымбаттығына шағымданды

Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында АӨК саласындағы проблемалық мәселелерді анықтау және талқылау үшін бизнес-қауымдастықпен кездесу ұйымдастырылды. Аталған проблемалық мәселелер ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге, несиелендіруге, мемлекеттік қызметтер мен субсидиялар алу тетіктеріне қатысты болды, деп хабарлайды World of NAN ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Несиелер бойынша мөлшерлемелер

Кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Қазбек Алишев атап өткендей, өңірде АӨК саласындағы несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға арналған қаражат тапшылығы мәселесі қатты көтеріліп отыр. Бүгінгі таңда фермерлер толық пайыздық мөлшерлеме бойынша қарыздарды өтеуге мәжбүр, өйткені қаражаттың жоқтығынан субсидиялауға (пайыздық мөлшерлемені төмендетуге) өтінім бере алмайды.

«Пайыздық мөлшерлемеге субсидияларды АШМ-дан қаржы институттарына тікелей бағыттауды, ал фермерлерге төмендетілген пайыздармен несие беруді ұсынамыз», - деп ұсыныс айтты Қазбек Алишев кездесу барысында.

Дизель отынының қолжетімділігі

Өз кезегінде «Ақтөбе фермерлік орталығы» қауымдастығының төрағасы Марлен Баймағамбетов шаруаларды арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.

«Жақында дизель отынына оператордың бағаны көтеруі негізсіз деп санаймыз. Операторды айқындау және жеңілдетілген дизель отынын бөлу тетігін реттеу қажет. Республика бойынша бағаның өсуі байқалады. Мысалы, Ақтөбе облысында көктеммен салыстырғанда баға 13 теңгеге өсті. Бұл ретте бағаның көтерілуін бекіту бизнестің, партиялардың, қауымдастық өкілдерінің және «Атамекеннің» қатысуынсыз жүзеге асырылды», – дейді Марлен Баймағамбетов.

Бүгінгі таңда өңірде арзандатылған дизель отынының құны литріне 167 теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығы басқармасы операторды анықтау және арзандатылған дизель отынына баға белгілеу процесін регламенттейтін нормативтік-құқықтық актілердің жоқтығына жүгінеді.

Тақырыпты жалғастыра отырып, Марлен Баймағамбетов Ауыл шаруашылығы басқармасына шалғайдағы аудандарға ұсақ шаруашылықтар үшін дизель отынын орталықтандырылған жеткізуді ұйымдастыруды ұсынды. Операторда аудандарда ЖЖМ бекеттері болмағандықтан, фермерлер арзандатылған отынды жеткізгені үшін қосымша ақы төлеуге немесе оны басқа жанармай құю бекеттерінде нарықтық бағамен сатып алуға тура келеді.

Несиелендіру

Сондай-ақ, кәсіпкерлер көктемгі егіс жұмыстарына несие беру бағдарламасын алдағы жылдың жазында немесе күзінде бастауды ұсынды. Ал техниканы немесе жабдықты сатып алуды несиелендіру бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қарыз алушыға жеткізушіні таңдау құқығын берсін.

«ҚазАгроҚаржы» арқылы техниканы немесе жабдықты сатып алуға несие беру кезінде олардың құны жеке жеткізушілерге қарағанда қымбат. Алайда керісінше болуы керек. Ал «ҚАҚ» қаржы институты ретінде жеңілдетілген несие беруші техникалар мен жабдықтарды нарық бағасынан сәл төмен бағамен жеткізуі тиіс», – дейді аграршы Берген Ғаббасов.

Ветеринарлық анықтамалар

Ветеринарлық анықтамалар бойынша «Фермерлік орталық» жұмыс уақытынан тыс, сондай-ақ демалыс күндері мал сатуға №1 және №2 нысанды алудың қиындығын атап өтті. Осыған байланысты фермердің порталдан анықтаманы өз бетінше алу мүмкіндігі болуы үшін анықтамаларды онлайн беру ұсынылды.

Кеңес қорытындысы бойынша өңірлік палата басшылығы барлық мәселелер қосымша зерделеніп, ұсыныстар орталық мемлекеттік органдар мен ҰКП жіберілетінін хабарлады.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии