Батыс Қазақстан облысындағы шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Ибатов Ауыл шаруашылығы министрлігін сотқа бергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, министрлік қулыққа басып, шаруаларды алдап жүр. Ол шаруалардың субсидиядан қағылғанын, мал шаруашылығы мен агротехниканың дамуына шенеуніктер өз қолымен кедергі келтіргенін айтады. Бұл жөнінде World of NAN порталы АПК-Новости аггенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Ауыл шаруашылығы басқармасын сотқа бердім. Жағдай мынадай: 2021 жылдың 1 маусымында Халық банкінен шағын және орта бизнеске жылдық 17 пайызбен 5 200 000 теңгеге айналым қаражатын толықтыру үшін несие алдым. Несие берілгеннен 2 күн өткен соң, 2021 жылдың 3 маусымында «АгромашХолдинг» АҚ есепшотына 9 150 000 теңге аударып, «ЛОВОЛ 604» тракторын қондырмаларымен сатып алдым. Несие айналым қаражатын толықтыру үшін беріліп, трактор сатып алынды. Яғни, несие инвестицияланды. Сондықтан 2022 жылдың 4 тамызында мен Халық банкімен жоғарыда аталған несиелік келісім бойынша қосымша келісімге қол қойып, несиенің мақсаты ИНВЕСТИЦИЯ деп өзгертілді», – дейді Руслан Ибатов.
Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау ережесіне сәйкес, 2022 жылы фермер qoldau.kz порталы арқылы өтініш беріп, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге мемлекеттік қолдау көрсету мақсатымен қаржы институтына төленетін сыйақының 17 пайызының 11 пайызы өтелуге тиіс болды. Бірақ, qoldau.kz жүйесі фермердің пайыздық мөлшерлемені субсидиялау туралы ұсынысын қабылдамаған.
«Түзетіп, өзгерту енгізген соң мен ұсынысты оңай жібере аламын деп үміттендім. Бірақ бұл жерде мені Ауыл шаруашылығы министрлігінің кедергілері күтіп тұрды. 2022 жылғы 25 шілдеден бастап субсидиялар бойынша сыйақы мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты болды. Осындай оғаш жолмен, жылдық 17 пайызбен берген ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің барлығы мемлекеттік қолдаусыз қалды. Қарапайым тілмен айтқанда, фермер 22 пайызбен несие алса – мемлекет қолдау көрсетеді, ал 17 пайызбен несие алған басқа шаруаға – қолдау жоқ», - деп түсіндірді фермер.
Ибатовтың үндеуіне жауап ретінде министр Қарашөкеев шаруалардың 17 пайыздық несиесі субсидияланбайтынын айтқан. Ал фермер Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ережеге енгізген өзгерістері ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне қайшы келеді деп есептейді.
«2022 жылдың тамыз айынан бастап мен бұл мәселелерді көтеріп, министрге ресми үндеу жаздым. Бұл ретте министрлік Ережеге өзгеріс пен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын және жоба белгіленген заңнамалық тәртіпке сәйкес бекітіліп, Ашық НҚА порталына орналастырылып жатқанын хабарлады. Бұл жерде ең таңғаларлығы, 2022 жылғы 12 қазанда бұйрыққа қол қойылғаннан кейін 3 айдан соң ғана құжат жасалған. Мұнда әдейі жасалған саботаж, немқұрайлылық, мемлекеттік органның жауапсыздығы бар. Біз телефон соғып, мәселені жазғанымызбен, министрлік Ережені әзірлеу кезіндегі олқылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша жедел және шұғыл шаралар қабылдауға және жедел жұмыс істеуге мүлде ниет білдірген жоқ», – деді фермер.
Ибатовтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мұндай ақылға қонымсыз шешім шығаруы бірінші рет емес. Мәселен, 2018 жылы министрлік асыл тұқымды малды импорттауға көңіл бөліп, отандық малға субсидиядан бас тартты. Соның салдарынан отандық асыл тұқымды мал шаруашылығы құрып кете жаздады. Сондай-ақ, 2021 жылға дейін 35 және 60 аттың күші бар техникаға, 90 және 130 аттың күші бар техникаға бірдей субсидия беріп келген. Соның салдарынан облыста ешбір фермер 60 аттың күші бар техника сатып алмаған, ал 130 аттың күші бар техниканы тек үш фермер сатып алған.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение