Мәзір

Органикалық өнімдер субсидиялана бастайды: Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

27.03.2024
Органикалық өнімдер субсидиялана бастайды: Мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс депуттатары органикалық өнімдер туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл заң жобасы органикалық ауыл шаруашылығымен айналысатын фермерлердің, органикалық тыңайтқыш өндірушілердің субсидия алуына жағдай жасайды, сонымен қатар шағын шаруашылықтардың ортақ сертификатпен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, деп хабарлайды World of NAN.

Заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» Заң мен оған ілеспе екі заң органикалық өнімді өндіру және оның айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіруді, сонымен қатар оны халықаралық стандарттармен және органикалық өндірісті жүргізу практикасымен үйлестіруді мақсат етеді.

Айдарбек Қожаназаров ұсынылып отырған заңның қолданыстағы заңнан бірнеше айырмашылығы бар екенін айтады. Мәселен, шағын фермерлер бірлескен кепілдік жүйесіне біріге алады. Бұл ретте олардың өнімдері бірлескен кепілдік жүйесі белгісін пайдалана отырып таңбаланады.

«Мұндай өнім өндірушілер бірігу арқылы сертификаттау шығындарын азайта отырып, процедурадан бірлесіп өте алады. Болашақта бұл өндірушілер органикалық өнім өндірісінің сәйкестік сертификатын бір-бірінен тәуелсіз пайдалана алмайды», – деп түсіндірді ол.

Заң жобасында мұндай өнімді сату кезінде бақылау енгізіледі, ол мынандай шаралар арқылы қадағаланатын болады:

– тұтынушылардың құқықтары мен халықтың денсаулығын қорғау;

– «органикалық» деген атпен сатылатын, органикалық емес өнімдер айналымының жолын кесу;

– өндірушілерді жалған таңбалауға байланысты азаматтарымызды адастыратын импорттаушылар тарапынан жосықсыз бәсекелестіктен қорғау.

Бұдан бөлек ілеспе заң жобасында өндірушілерге екі бағыт бойынша мемлекеттік қолдау қарастырылған:

– сәйкестік сертификаты құнының 50% субсидиялау;

– органикалық тыңайтқыштарды субсидиялау.

«Соңғы қолдау шарасы 2028 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Қазіргі уақытта органикалық өнімдер сұранысқа ие болғандықтан, заңдарды қабылдау саланың дамуына оң әсер етеді, жергілікті органикалық өнім нарығын дамытуға негіз болады және сыртқы нарықтардағы экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді деп санаймыз», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Заң жобасын Мәжіліс депутаттары мақұлдап, Сенатқа жіберді.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии