Қазақстанда бір жыл ішінде бидай мен күнбағыс дәнінің, басқа да ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы арзандады. Бұл жөнінде World of NAN порталы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер бір жылда (2022-2023 жж. желтоқсан) республика бойынша бағаны 4,7%-ға төмендеткен.
Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ішінде ең қатты арзандағаны – мақта. Оның бағасы бір жыл ішінде 17,7%-ға төмендеген.
Одан әрі күнбағыс тұқымы – 13,6%, жылыжай қияры – 12,4%, қарақұмық – 12,4%, бидай – 10,5%, мақсары – 10,8%, рапс тұқымы – 9,4%, жүгері – 9% , арпа – 8,2%-ға арзандады. Одан бөлек соя (-2,5%) және картоп (-2,1%) та сәл арзандай түсіпті.
Дегенмен өсімдіктердің кейбір түрі, керісінше, қымбаттап кетті. Мысалы, 2022 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда, кесілген гүл мен гүл түйнектерінің құны 61,6%-ға өсті. Күріш 7,6%-ға, тары 8,4%-ға, жылыжай қызанақтары 5,2%-ға, пияз 3,4%-ға және сұлы 2,2%-ға қымбаттады.
Мал шаруашылығы өнімдеріне келер болсақ, жылқы – 6,4%-ға, ірі қара – 4,2%-ға, қой – 3,2%-ға қымбаттаған екен (тірі салмақта). Ал шошқа етінің бағасы 0,1%-ға арзандай түсіпті.
Құс еті де (сою салмағында) 0,9%-ға аздап арзандаған.
Бұл ретте аталған кезең аралығында шикі сүт пен жұмыртқа бағасының 7,7%-ға өсуі байқалды.
Қазақстандағы ауылшаруашылық өнімдердің бағасына ішкі және сыртқы факторлар ықпал еткенін айта кету керек. Қазақстандық фермерлер аса ұната қоймағанымен, Ресейден келген өнімдер бағаның көтерілмеуіне себеп болды. Ал субсидия саласындағы өзгерістер, атап айтқанда, мал шаруашылығына және жұмыртқа өндірісіне мемлекеттік қолдаудың азаюы аталған өнімдер бағасына әсер еткені байқалады.
Биыл үкімет әлеуметтік маңызы бар бірқатар өнімнің бағасына шектеуді алып тастағалы отыр. Бұл азық-түлік өнімдерінің сәл қымбаттауына апаруы мүмкін.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение