Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда құрастырылған техниканы сатып алған фермерлерге төмен мөлшерлемемен несие беруді жоспарлап отыр. Министрліктің тиісті бұйрығы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды World of NAN.
Құжатта отандық техниканы қарызға алған фермер несиенің номиналды пайызының 6%-ын төлейтіні айтылған.
Мұндай жеңілдетілген несие мынадай жағдайда берілмек:
- ауыл шаруашылығы техникасы мен машиналарын, оның ішінде отандық өндірістің аспалы және тіркеме жабдықтарын сатып алу кезінде;
- Қазақстан Республикасының аумағында өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының кемінде екі түрі бойынша өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер жасасқан ауыл шаруашылығы техникасы мен машиналарын өндірушілердің, сондай-ақ олармен үлестес кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы техникасы мен машиналарын сатып алу кезінде.
Бұл ретте, импорттық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде қарыз алушы номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 15%-ын төлейді. Мемлекеттік бюджеттен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі мен жылдық 7,5% және қарыз алушының теңгемен төлеген 15% сомасы арасындағы айырманың нәтижесінде алынған номиналды сыйақы мөлшерлемесінің қалған бөлігі субсидияланады.
Яғни шетелдік техниканы лизингке алған фермерлер несиені жоғары пайызбен төлеуге мәжбүр. Бұл фермерлерге өнімділігі жоғары импорттық машиналарды қолжетімсіз ететіні анық. Одан бөлек шетелдік техникаға салынатын утиль алымы оның бағасын тіпті қымбат етіп отыр. Мұның салдарынан ауыл шаруашылығының дамуы баяулайды.
Бұйрық 12 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған. Алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение