Олар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінен ескерту хабарламасын алған. Тергеу және ірі көлемдегі айыппұлдар салынбады: кәсіпкерлер заң бұзушылықты өз еркімен жойды, деп «Павлодар-онлайн» басылымына сілтеме жасай отырып World of NAN хабарлайды.
2023 жылдың басынан бері бірнеше павлодарлық кәсіпорын мен екі басқарма осындай хабарлама алған. Олар «Best Milk» ЖШС, «Павлодармолоко» ЖШС және «МолКом-Павлодар» ЖШС, «Павлодар Смарт ПВ» ЖШС, «Каустик» АҚ, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы және Ауыл шаруашылығы басқармасы.
– Монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерінің бар екені туралы сегіз ескерту бердік. Сүт, сүзбе, тұз қышқылы нарықтары, көлік тасымалы мен мемлекеттік басқару сияқты субъектілерге хабарламалар берілді, – дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департамент басшысы Бейбіт Молдабеков. – Бұл сақтық шарасы. Ескерту шарасы жасалған соң кәсіпкерлер бәсекелестік заңнамасын бұзушылықтарды өз еркімен жойды.
Бейбіт Молдабеков түсіндіргендей, ескертулер еленбеген жағдайда тергеу басталады. Бұл кәсіпкерлерді жылдарға созылатын сот процестерімен, миллиондаған айыппұлдармен қорқытады.
Қазір департамент үш тергеу жүргізіп жатыр: «Богатырь Көмір» ЖШС, «УПНК-ПВ» ЖШС және Ауыл шаруашылығы басқармасына қатысты.
– Басқа көмір кеніштерімен салыстырып қарасаңыз, ең төмен баға «Богатырь Көмір» компаниясында. Бірақ олар график құрып, ай сайын тоннасының құнын 200 теңгеге көтерді. Сондықтан біз алдымен ескертпе жасадық, олар оны орындамады. Содан кейін тергеу басталды. Компания сотқа тергеуді бастау туралы бұйрыққа шағымданды, сот процесі әлі жалғасуда, - деді Бейбіт Молдабеков.
«Богатырь Көмір» компаниясына қатысты тергеу жұмыстары көмірге жоғары баға белгілеуден басталса, «УПНК-ПВ» ЖШС-не қатысты жағдай керісінше – олар шикі коксқа монополиялық төмен баға белгілеген.
Ауыл шаруашылығы басқармасына жүргізіліп жатқан тергеу мекеменің жекелеген фирмаларға артықшылық беруіне қатысты. Мәселе «УПНК-ПВ» ЖШС-нің ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне дизель отынын бөлуі төңірегінде болып отыр.
– Ең төменгі бағаны белгілеген «Парнас» ЖШС-не азырақ көлем берілді. Хабарлама бердік, орындалған жоқ. Қазір мұндай әрекет жасағаны үшін айыппұл салу мәселесі шешіліп жатыр, - деді БҚДА-ның Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение