Мәзір

Павлодарлық фермерлер малын сатуға мәжбүр. Себеп: климат жағдайының өзгеруі

09.06.2023
Павлодарлық фермерлер малын сатуға мәжбүр. Себеп: климат жағдайының өзгеруі

Кейінгі он жылдағы климат жағдайы павлодарлық фермерлерді малдан бас тартуға итермелеп отыр. Шарулардың айтуынша, биыл қуаңшылық жылдағыдан ертерек келген. Жауын-шашын жоқ – демек қыста жем де болмайды. Ертіс өзені де жылдан жылға тартылып барады, биыл су деңгейі көтеріле қоймаған. Ал жергілікті билік көмектесуге асығар емес. Амалы таусылған шаруалар жаппай малын сата бастаған. Бұл жайлы Atameken Business арнасына сілтеме жасай отырып, World of NAN хабарлайды.

Павлодар облысының Май ауданындағы ірі шаруа қожалығы асыл тұқымды ұсақ малдың бірнеше түрін ұстайды. Он жыл бұрын Алтай өлкесінен 500 ешкі әкелініп, бүгінде мал басы 8 мыңға жуықтап қалған. Бірақ қазір малды азайту керек. Оның себебі тым қарапайым – азық жеткіліксіз.

«Қазір фермерлердің көпшілігі малын сатуға бейім, бүкіл малды сақтап қала алмаймыз. Тым болмаса асыл тұқымды мал басын сақтау үшін [сатуға мәжбүрміз]. Мал басын қысқарту керек шығар. Күні кеше 600 бас ешкі саттық», – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Гүлзира Қазылова.

Өңір фермерлері құзырлы органдарға жүгінген. Олар мал азықтық дақылдарын фермерлер өз бетімен өсіруді үйренуі керек деп есептейді. Сондықтан малшыларға арнайы мемлекеттік қолдау бағдарламасын әзірлеу қажет.

«[Мал азығын] өсіру технологиясын, оларды егу мерзімін үйренуіміз керек. Бізді әлі де бұған оқыту керек. Мал шаруашылығымен, етті мал шаруашылығымен, жылқы шаруашылығымен айналысамыз. Жайылымның жағдайын жақсартуды үйрету керек. Ол үшін бізге ғалымдардың қолдауы қажет», – дейді Гүлзира Қазылова.

Дегенмен облыста мал азығын дайындау бағдарламасы мүлдем дерлік жоқ. Бірақ биыл жағдай одан сайын қиындай түспек. Ертіс өзені алабындағы судың азаюы экожүйенің нашарлауына ғана емес, сонымен қатар шабындықтың азаюына әкелуі мүмкін.

«Сәуірдің соңы, мамырдың басында таситын өзен суы шабындықтарға жайыла алмады. Соның кесірінен тек Павлодар облысының өзен бойындағы 7 бірдей ауданының халқы, төрт түлік баққан шаруалары  жем-шөпсіз қалуы мүмкін. Ол ол ма?! Бұл, 370 мың гектарға жуық еліміздегі ең үлкен жайылым», – дейді ҚР Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы.

Павлодарлық малшылар жаздың басталуын үреймен күтіп отыр. Болжамдар жақсы емес. Маусым бойы термометр 40 градустан төмен түспейді. Шалғындар аптап ыстықта қайтадан күйіп кетуі мүмкін. Осыған қарамастан, фермерлердің айтуынша, аймақтағы билік әзірге ешқандай шара қолданбаған.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии