Мәзір

PepsiCo Алматы облысында $160 млн-ға жаңа зауыт салады

14.06.2024
PepsiCo Алматы облысында $160 млн-ға жаңа зауыт салады

Ашылуы 2026 жылға жоспарланған өндіріс орны шикізатты қазақстандық фермерлерден сатып алуды көздеп отыр. Кәсіпорын «Lays» қытырлақ картоптары секілді өнім шығарады. Бұл жөнінде World of NAN үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бұл – іске қосылғаннан кейін Орталық Азиядағы ең ірі жоба болмақ. Оның қуаттылығы жылына 16 мың тоннаға дейін дайын өнімді құрайды, кейіннен 2027 жылдан бастап 21 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Дайын өнім Орталық Азия нарығына және одан тысқары жерлерге жеткізілетін болады. Құрылыс кезеңінде мыңға жуық адам тартылады, ал жобаның өзінде 350-ге жуық білікті маманға арналған жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

PepsiCo президенті Давид Манзинидің айтуынша, жобаны жүзеге асыру барысында компания негізінен жергілікті шикізатты сатып алуға ниетті. Қазіргі сәтте қазақстандық фермерлермен картоптың сынақтық партияларын жеткізуге келісімшарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 2026-2030 жылдары 50-66 мың тоннаға жуық картоп сатып алу, кейінірек көлемді одан әрі ұлғайту жоспарда бар.

Сонымен қатар, жаңа зауыттың қалдықтары 100% қайта өңделіп, кәдеге жаратылады.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің айтуынша, жоба азық-түлік өнеркәсібі мен АӨК үшін маңызды болумен қатар, зауыттың құрылысы іргелес көлік, логистика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қаптау және қайта өңдеу салаларына мультипликативті әсер етеді.

«АҚШ – Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. Қазақстан PepsiCo секілді стратегиялық инвесторлармен ұзақмерзімді ынтымақтастыққа мүдделі. Біз инвестицияларды қорғау бойынша міндеттемелерді сақтаймыз және қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии