Премьер-министр Әлихан Смайыловтың кеше Үкімет отырысында айтқан импорттық ауыл шаруашылық техникасын сатып алғаны үшін берелетін субсидия көлемін 15%-ға дейін қысқарту елімізде ауыл шаруашылық техникасының қымбаттауына апарып соғады. Бүгін Қазақстанның астық одағы ұйымдастырған дөңгелек үстелде осы мәселе талқыланды, деп хабарлайды World of NAN.
Қазақстан астық одағының өндірістік комитет жетекшісі Талғат Алдажаровтың айтуынша, үкіметтің бұл шешімі ауыл шаруашылық техникасы бағасының қымбаттауына апарады. «Тәжірибе көрсетіп отырғандай, импорттық тауарларды субсидиялау шарттарын, мейлі ол пестицидтер болсын, мейлі ол тұқым болсын, отандық өнімге басымдық беру мақсатымен өзгерткен сәтте, импорттық өнімнің де, отандық өнімнің де бағасы өсетінін байқадық. Өйткені шетелдік техникаға субсидия бөлінбегендіктен, оның бағасы фермерлерге қымбат болады. Ал отандық өндіріске сұраныс артқан сәтте оның бағасы да қымбаттай түседі», - дейді Алдажаров.
Астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов Қазақстанда өндірілген техниканың бүкіл шаруашылыққа сәйкес келе бермейтінін айтады. Отандық техниканың өндіріс қуаты шаруалардың жұмысты тиісті уақытта орындауына мүмкіндік бермейді.
«Егістік жердің аумағы кеңейіп, түсімділік жоғары болған сайын, сәйкесінше техника да қуатты әрі өнімді бола түсуге тиіс. Үкімет шағын және орта шаруа қожалықтарына арналған техника шығаратын отандық өндірісті қолдағанымен, бұл ірі фермерлерге зиянын тигізеді. Ендігі кезекте жоғары өнімді шетелдік бір техниканың орнына отандық бірнеше техниканы сатып алу қажет болады. Демек техниканы жүргізетін кәсібилігі жоғары бір механизатордың орнына енді екі-үш маман жалдау қажет. Қазір нарықта білікті механизатор мамандар онсыз да тапшы. Мұндай жағдайда ірі астық өндірушілер техниканы жаңартпай қоя салатын болады. Бұл техниканың тозып, жиі істен шығуына апарады, сөйтіп шығынды одан әрі арттырады, осылайша астықтың өзіндік құны көтеріледі. Қазіргі уақытта онсыз да қазақстандық астықтың өзіндік құны жоғары болғандықтан, біздің астық әлемдік нарықта бәсекелесе алмай жатыр», – дейді ол.
Нұрлан Оспановтың айтуынша, Қазақстанда ауыл шаруашылық техникасын шығаратын зауыттар көп емес, олардың өндіріс көлемі де жоғары емес. Зауыттар өзі қалаған көлемде техника өндіріп шығара алмайды, ал фермерлер оны қалаған бағаға сатып ала алмайды. Техникаға мұқтаж фермерлердің оны сатып алуға мүмкіндігі онсыз да көп емес.
«Соңында не шығады? Біреулер өзі қалаған көлемде өндіре алмайды, біреулер оны сатып ала алмайды. Шетелдің қымбат, жоғары өнімді техникасын сатып алатындар да шығынға батады. Өйткені оны алуға ақша жетпейтін болады. Кім ұтыста? Ешкім. Сатып алуға шамасы жететін астық өндірушілері болмайынша, тіпті машина жасаушылар да пайдаға кенелмейді. Үкіметтегілер проблеманың бір бөлігін ғана шешкісі келеді. Бірақ бұлай болмайды. Проблеманы кешенді түрде шешу керек. Бір шешім басқа салаларға да әсер ететінін түсінуі қажет», – дейді Оспанов.
Қазақстан астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов отандық зауыттар техника өндіргенше, оның орнына қосымша бөлшектер жасап шығарғаны әлдеқайда тиімді болады деп есептейді. «Қосалқы бөлшектер нарығына назар аударсақ, оның көлемі техниканы сатып алу нарығының көлемімен шамалас. Одан да импорттық техника жасап шығарушылармен бірден келісімге келіп, қосалқы бөлшектердің өндірісін Қазақстанда дамытса жақсы болар еді. Зауыттарымыздың қосалқы бөлшектер жасап шығарғаны нарыққа әлдеқайда пайдалы», – дейді ол.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение