Мәзір

Қарашөкеев: Қазақстанда қуаңшылық жоқ, ал шегіртке қаптауы күннің белсенділігіне байланысты

12.07.2023
Қарашөкеев: Қазақстанда қуаңшылық жоқ, ал шегіртке қаптауы күннің белсенділігіне байланысты

Бүгін үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев кейінгі күндерде қызу талқыланған тақырыптарға қатысты пікір білдірді. Ол елімізде қуаңшылық жоқ екенін және шегірткенің қаптауы 10-12 жылда қайталанатын табиғи құбылыс екенін айтты, деп хабарлайды World of NAN.

Министр Қарашөкеев үкімет кулуарында егістікті шегіртке жайпап жатқаны туралы хабарлар шындыққа жанаспайтынын айтты. Ол өткен аптада Қостанай облысына барып, егістікті өз көзімен көріп қайтқан.

«Қостанайда шамамен 20 мың гектарда италиялық прус шегірткесінің ұшуы байқалды. Ол жаққа дер кезінде техникалар жеткізілді. Қосымша 40 мың гектар жер қосымша дәріленіп, мамандар жұмылдырылды. Шегірткеден еш шығын жоқ. Мессенджерлерде түрлі видеолар шығып жатыр, ал негізінде шығын болған жоқ», - деді министр.

Ол шегіртке туралы видео түсірген фермерлердің кездесуден қашқанына назар аударды: «Шегіртке туралы видео түсірсеңіздер, егінге шығын келтірді десеңіздер, мархабат, біз жылдам жауап береміз. Біздің мобильді топтарымыз бірден келіп, мәселенің мән-жайын тексереді. Кеше де Қостанайдың Наурызым ауданында шаруа қожалықтары 3-5 мың гектар егінге зақым келді деген еді, енді мамандарымыз барайын десе, қожайындары қашып жүр, жерін көрсеткісі келмейді», - дейді ол.

Министр ғалымдардың пікірін алға тартып, шегірткенің қаптауы күннің белсенділігіне байланысты екенін айтты. Оның түсіндіруінше, әр 11 жылда шегіртке санының артуы шарықтау шегіне жетеді және ол келесі жылға сәйкес келіп тұр. Келер жылы шегірткелер әдеттегі жылдардан 10-20 есе көп болады деп болжанып отыр. Дегенмен Қарашөкеев алдын ала сақтық шараларын қолға алып, дәрілік заттарды молынан сатып алғанын айтты.

Сонымен қатар, Қарашөкеев құрғақшылыққа да қатысты пікірін білдірді.

«Құрғақшылық жоқ. Қазгидрометтің топырақты барлау деректері бойынша, қазір бізде топырақ ылғалдылығының орташа жылдық нормасы сақталып тұр. Сондықтан жағдай қалыпты, біз оны бақылауда ұстаймыз», - деді министр.

Өткен аптадан бері әлеуметтік желілерде шегірткенің қаптап кеткені жөніндегі видеолар кең тараған еді. Министрлік бастапқыда шегіртке қаптап жатқаны жайлы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтқанымен, кейінірек зардап шеккен егістік жер көлемі жайлы хабарламалар жариялай бастады. Ал өткен аптада Мәжіліс депутаты Ходжаназаров министрлікті сынап, шегірткемен күресте әлдеқашан ұтылып қалғанымызды айтқан еді.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии