Мәзір

Қазақстан аусыл дертінен таза елдер тізімінен шығып қалды

01.06.2023
Қазақстан аусыл дертінен таза елдер тізімінен шығып қалды

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (Халықаралық эпизоотикалық бюро, WOAH) әлемдегі аусыл жағдайы туралы есеп дайындады. 60-тан астам мемлекет вакцинациялау тәжірибесінсіз-ақ бұл аурудан қауіпсіз деп жарияланды. Өкінішке қарай Қазақстан бұл тізімде жоқ. Бұл туралы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасай отырып, World of NAN хабарлайды.

Аусыл дерті Қазақстанда кеңестік кезеңде де оқта-текте кездесіп тұрған. Ал тәуелсіздік жылдарында еліміз ірі қара экспортын арттыруға талпынған сәтте, оған осы ауру түрі айтарлықтай кедергі келтірді. Осыған дейін елімізге Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының мамандары шақырылып, қолданылған вакциналар сарапталған. Бұл шаралар жақсы нәтиже беріп,  9 облыс аусылдан “вакцинасыз-ақ таза” мәртебесін алды. Кейінірек оған тағы 5 облыс қосылды, бірақ олар “вакцинация арқылы таза” статусына қол жеткізді. Дегенмен 2022 жылы Қазақстанда аусыл ошағы анықталып,  экспорттық мал шаруашылығын дамыту мүмкіндігін шектеле түсті.

Inbusiness.kz порталының жазуынша, елімізде жыл сайын ветеринарияға 40 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бірақ ДЖДҰ-ның бұл шешімі ауыл шаруашылығы министрлігі жұмысының тиімсіз болғанын көрсетті. Сала өкілдерінің пайымдауынша, Қазақстанның аусылдан таза елдер тізімінде болмауы – мал өсірушілерді кем дегенде бір жыл қиын жағдайда қалдырады. Қазақстанның ет экспортына Қытай нарығы қызығушылық танытқан болатын, Қытай – отандық фермерлерге мүмкіндік алаңы еді. Бірақ қазіргі жағдай бұл мүмкіндікке шектеу болуы мүмкін. Ветеринариялық іс-шаралар қашан қайта қолға алынып, қауіпсіз мәртебесіне қашан қол жеткізуге болатыны белгісіз. Әзірше біздің өндірушілер Қытай әлі де Қазақстанмен мәмілеге келіп, тым болмаса аусыл жоқ өңірлердің өнімін импорттауға рұқсат етер деп үміттенеді.

Сала мамандары мұндай қиын сәтте мемлекет бизнеске қолдау көрсетуі қажет деп есептейді. Республикалық Ангус Қазақстан палатасының директоры Дәурен Салықов былай деп пікір білдірді:  «Мемлекет өнімді шекарадан шығаруға мүмкіндік бере алмаса немесе шекарадан өткізе алмаса, дәл сол мемлекеттің өзі өнім шығарушыларға қолдау көрсетуі керек. Біздің шенеуніктер аусылға қатысты жағдайды нашарлатып алып, сонымен қатар мал шаруашылығына қолдауды азайтып жатыр».

Бұрын ауыл шаруашылығы министрлігінің шешімімен етті мал шаруашылығына берілетін көлемі 32,5 млрд теңгелік сегіз түрлі субсидия алынып тасталған. Дереккөздердің айтуынша, бұл қаржы астық өсірушілерді қолдауға жұмсалды. Соның салдарынан тек ірі ет өндірушілер емес, еліміздегі 21 мыңнан астам шағын шаруа қожалықтары да зардап шекті. Inbusiness.kz порталы министрлік өкілдерінен жағдайға қатысты түсініктеме алуға талпынса да, байланыса алмаған.

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы – 1924 жылы құрылған ірі халықаралық мекеме. Оның құрамына 183 мемлекет мүше. Ұйым әлемде мал ауруларының таралмауын қадағалап, үкіметтермен тығыз әріптесе отырып ветеринарлық жағдайдың жақсаруы үшін жұмыс істейді. ДЖДҰ дайындаған есептерді Дүниежүзілік сауда ұйымы басшылылыққа алып, шешіп қабылдайды.

Аусыл – жылқыдан басқа барлық түлік түрінде кездесетін қатерлі ауру түрі. Биыл жыл басында малы аусыл дертіне шалдыққанын айтқан Ақтөбе облысындағы фермерлер облыстың ветеринария басшылары қызметтен кетсін деп талап қойған. Бірақ министрлік талдау нәтижелеріне сүйеніп, аусылды жоққа шығарған еді. Ал былтыр еліміздегі аусыл жағдайы тұрақталып, ет импорттаушы елдер Қазақстаннан шектеулерді алып тастай бастағаны хабарланған.  


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии