Ауыл, орман және балық шаруашылығы ЖІӨ құрылымының 4,3% ғана құрайды. Сала дамуының төмен деңгейі қаржыландырудың жеткіліксіздігімен, инновациялық жабдықтардың аздығымен және арнайы жабдықтардың жоқтығымен байланысты. Десе де, Қазақстанның ауылшаруашылық саласын дамытуға әлеуеті айтарлықтай жоғары. 2021 жылға қарай өңделген өнім экспорты 2,5 есеге артып, 2,4 млрд АҚШ долларына жетеді деп күтілуде, ал еңбек өнімділігі 3 есеге жоғарылап, бір қызметкерге 3,7 млн теңгені құрайды. Нәтижесінде 600 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.
Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік және экономикалық тұрақтылығын, еңбек әлеуетін нығайтуға, ауылдық жерлерге қоныстануға және экономикалық әртараптандыруды арттыруға мүмкіндік беретін экономиканың маңызды салаларының бірі. Қазақстан өнімді қайта өңдеу тәсілімен оның қосымша құнын құру және ауылшаруашылық секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы аталмыш саланы дамытуда жоғары әлеуетке ие. Атап айтқанда, жыл сайын май және ет секторларының экспорттық позициясы күшейіп, ел астық пен ұн бойынша әлемдегі ең ірі экспорттаушы мемлекеттердің біріне айналды.
Десе де, ауыл, орман және балық шаруашылығы ЖІӨ құрылымының тек 4,3%-ын немесе 1,9 трлн теңгені құрайды. Соңғы он жыл ішінде ЖІӨ-дегі саланың үлесі 4%-дан 4,9%-ға дейінгі аралықта болды. Тек 2009 жылы ғана Қазақстан аталмыш аралықтан сәл жоғарылап, 6,2% деңгейіне жетті. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, ауылшаруашылық әлеуеті жоғары елдерде саланың ЖІӨ-дегі үлесі орта есеппен 14,2% құрайды.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері ауылшаруашылық саласындағы мемлекеттік саясат тоғыз бағдарламалық құжат негізінде жүзеге асырылды:
Алайда ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80%-ға жуығы күні бүгінге дейін өңдеусіз, тек шикізат күйінде ғана жүзеге асырылып келеді. Ал дайын өнімдердің көпшілігі бәсекеге қабылетсіз. Бұған қоса, инвестицияның 90%-ы негізгі капиталға ауыл, орман және балық шаруашылығына бағытталса, маусымдық дақылдар (58,2%) мен мал шаруашылығына (32,3%) бағытталады.
2019 жылдың қаңтар – тамыз айларында сала бойынша негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 263,7 млрд теңгені құрап, 2018 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 50,1%-ға артты. Қаржыландыру құрылымында негізгі үлесті (78,3%) кәсіпорындардың жеке капиталы құрап отыр. Қарыз қаражаты 16,6%-ды, банктік қаржыландыру үлесі тек – 5,1%-ды құрады.
Өңірлер бойынша инвестицияның негізгі көлемі (49,4% немесе 130,2 млрд теңге) астық өсіретін аймақтарға тиесілі болып отыр. Осылайша Солтүстік Қазақстан облысына 62,6 млрд теңге (2018 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда – 38,4% өсім), Ақмола облысына – 35 млрд теңге (77% өсім), Қостанай облысына – 32,7 млрд теңге (33,6% өсім) бағытталған.
Сонымен бірге Алматы қаласында инвестиция көлемінің бірден 92,1%-ға, Шымкент қаласында – 83,8%-ға, Маңғыстау облысында – 79,8% және Атырау облысында 65,4%-ға төмендегені анықталды.
Одан бөлек шетелдік инвесторлардың Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына деген қызығушылығы төмендеген. Соңғы төрт жылда тікелей шетелдік инвестициялар көлемі жыл сайын орта есеппен 45%-ға төмендеген. Егер 2015 жылы ТШИ 71,5 млн АҚШ долл. көлемінде болса, 2018 жылы – 11,2 млн АҚШ долл. көлемінде болған. Ал 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында ТШИ көлемі небары 6,6 млн АҚШ долл. көлемін құраған.
Әлбетте, саланы дамыту үшін қаржылық салымдардың өсімі қажет, ал заманауи нарықтық жүйеде ТШИ ұлттық экономика үшін үлкен мәнге ие, себебі қазақстандық өнім экспорты мен инвестициялар ағынының 10%-ға артуы ЖІӨ-нің 9,2%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлер шетелдік инвестициялармен жұмыс істеу бойынша біртұтас институт болып табылатын және әкiмшiлiк бөлімшелерден бастап (АХҚО соты, Халықаралық Арбитраж Орталығы, Қаржылық қызметтерді реттеу комитетi, Экспат орталық) дамудың нақты бағыттарын (FinTech, EdTech, Astana International Exchange, исламдық қаржыландыру, жасыл қаржыландыру) қамтитын түрлі бөлiмшелерден құралған «Астана» халықаралық қаржы орталығының тұғырнамасын қолдану арқылы шетел инвестицияларын тарта алады. АХҚО әлемнің 320 юрисдикциясының 27%-ында қолданылатын жалпыға ортақ ағылшын құқығы қағидаттары бойынша жұмыс істейді. Құрылған инфрақұрылым халықаралық инвесторларға Қазақстандағы қызмет тәртібі туралы нақты құқықтық түсінік береді, инвестицияланған активтерді қорғауға кепілдік жасайды, экономикалық тиімді жобаларды іздеуді жеңілдетеді және олардың барлық кезеңдерінде инвесторларға қолдау көрсетеді.
Қазақстандық ауылшаруашылық кәсіпкерлері АХҚО-ның көмегімен исламдық қаржыландыру, стартап жобаларды іске қосу және шетел инвесторларының қарыз қаражатын тарту арқылы қосымша капиталды тарта алады.
Инвестициялық ағындардың өсуі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға септеседі. Ол өз кезегінде ел экономикасына оң әсер етеді. Осылайша 2021 жылы еңбек өнімділігі 3 есеге артып, бір жұмыспен қамтылғанға шаққанда 3,7 млн теңгеге жетуі мүмкін. Ал қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2,5 есеге артып, 2,4 млрд АҚШ долларына дейін жете алады, сол сияқты негізгі капиталға салынатын инвестиция 2,5 есеге, тартылатын несие қаражатының көлемі – 9 есеге өсуі ықтимал. Нәтижесінде 600 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Аталған көрсеткіштердің әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, себебі ауылды жерлерде ел тұрғындарының 42%-ы (7,6 млн человек) тұрады. Жалпы республика бойынша жұмыссыздардың саны 443 мың адамды құрайды.
Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.
Обсуждение