Мәзір

Қазақстан биылғы астықтың 6 млн тоннасын экспорттайды

29.11.2023
Қазақстан биылғы астықтың 6 млн тоннасын экспорттайды

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов отандық астық экспорты туралы түсінік берді. Оның айтуынша, биыл жиналған астықтың 6 млн тоннасы экспортқа шығарылады. Бұл туралы World of NAN порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

«Биыл 15,5 млн тонна астық жиналуы мүмкін екенін айтқан едік. Қазір әкімдіктердің мәліметі бойынша 16,5 млн тонна қамбаға түсті. Сондықтан осы астық көлемін ескере отырып, экспортқа 6 млн тонна шамасында өнім шығаруға мүмкіндік болады», – деді Азат Сұлтанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қазан айының соңындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 16 млн тоннаға жуық астық бастырылды. Жуырда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл жиналған астық көлемі біршама аз болғандықтан, экспортқа шығарылатын астық көлемі азаятынын айтқан еді. «5 млн тоннадан артық болмайды деп ойлаймыз», – деген еді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, Азат Сұлтанов журналистер сұрағына берген жауабында 2024 жылға болжам жасауға әлі ерте екенін айтты. «Қазір келер жылғы астық өнімділігіне қатысты нақты бірдеңе айту әлі ерте. Кейбір өңірлерде дәнді дақылдарды жинау аяқталмады, егіннің 98 пайызы жиналды. Тоқтаусыз жауған жаңбырға байланысты қазір жекелеген дәнді дақылдарды жинау жалғасып жатыр. Егін жинауды аяқтаған кәсіпорындар келер жылға дайындалуға кіріседі. Тиісті болжамды тек 2024 жылы көктемде ғана айта аламыз», - деді тілшілер сұрағына жауап берген Сұлтанов.

Оның айтуынша, елімізде биылғыдай жауын-шашын 10 жылдан бері болмаған. «Климаттың әсерінен ешкім де сақтандырылмаған. Әсіресе, биыл күзде жауын-шашын ұзаққа созылатынын болжау мүмкін болмады. Кейбір өңірлердегі жаз кезіндегі құрғақшылықтан кейін толассыз жаңбыр біразға барды. Мұндай жаңбыр 10 жылдан астам уақыт бойы болмағанын «Қазгидромет» растады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің осындай жағдайда шығынға батпас үшін егін егу науқанын уақтылы жүргізіп, егін орағын ұзаққа созып алмай, тез арада іске асыру керек. Егер техника жеткілікті болса, жауын-шашын басталмай тұрып мүмкіндігінше мол өнім алуға болады», - деді вице-министр.


Смотрите больше интересных агроновостей Казахстана на нашем канале telegram, узнавайте о важных событиях в facebook и подписывайтесь на youtube канал и instagram.

Обсуждение

0 коментарии